Stan.kz тілшісі Перизат Қайрат оқыған “Маңғыстау өнер колледжі” мен Эстрада-цирк колледжіне желіде тараған ақпараттың рас-өтірігін анықтау үшін хабарласқан.
“Маңғыстау өнер колледжі” МКҚК Қасенғалиева Перизат Қайратқызының оқу орнына 2006-2007 оқу жылы “Хорда дирижерлік ету” мамандығы бойынша 1-курсқа қабылданғанын мәлімдеді. Кейін 2008 жылы Алматы қаласындағы Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжіне ауысып кеткен.
Алайда оның басқа оқу орнына не себепті ауысып кеткенін айтудан бас тартты.
Екі оқу орнында да Перизат Қайрат бір жыл, бір жылға жетпейтін уақыт оқыған.
Сондай-ақ Ж.Елебеков атындағы Эстрада-цирк колледжі Перизат Қайраттың оқудан шығып қалғанын растады.
“Колледж мұрағатынан Перизат Қайрат (Қасенғалиева) туралы келесі мәліметтер табылды. Қасенғалиева Перизат – 2008 жылы ақпан айының екінші жарты жылдығынан бастап, Маңғыстау өнер колледжінен ауысуына байланысты 1-курс “Жеке ән салу” бөліміне бюджеттік оқу түріне қабылданған. “Жеке ән салу” бөлімінің 2-курс студенті Қасенғалиева Перизат 2008 жыл қазан айының 24-нен бастап өз еркімен оқудан шығарылған. П. Қасенғалиеваға академиялық анықтама берілген”, – деп мәлімдеді колледждің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, бұған дейін желіде Перизат Қайратпен бірге бұрын бір колледжде оқыдым деген бейтаныс қыздың видеосы тараған болатын.