Алдағы күндері Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасы күрт төмендеп, аяз күшейеді. Кей жерлерде қар жауып, боран соғады, жолдарда көктайғақ болуы мүмкін. Синоптиктер тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына дайын болуға шақырды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
«Қазгидромет» РМК 28, 29 және 30 қарашаға арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандардың мәліметінше, алдағы үш күнде ел аумағында ауа райы тұрақсыз болады.
Кей өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауын-шашын түседі. Сондай-ақ тұман түсіп, жел күшейеді, боран соғып, жолдарда көктайғақ қалыптасуы ықтимал.
Шығыс Қазақстанда қалың қар жауады
30 қарашада еліміздің шығысында қалың қар жаууы мүмкін. Ал оңтүстік-шығыстың таулы аудандарында қатты жауын-шашын күтіледі.
Синоптиктердің болжамынша, суық ауа райы біртіндеп күшейеді. 30 қарашаға қарай түнгі ауа температурасы:
Батыс өңірлерде – 5–12 градус аяз;
Солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта – 10–18 градус аяз;
Шығыста – 7–12 градус аяз;
Таулы аудандарда – 15–20 градус аяз болады.
Қазақстанның қалған аумағында ауа температурасы айтарлықтай өзгермейді.
Полиция жүргізушілерге ескерту жасады
Бұған дейін полиция мен құтқарушылар ауа райының қолайсыздығына байланысты азаматтарды жолда сақ болуға шақырған болатын.
Мамандар жүргізушілерге жылдамдықты асырмауға, көлік арасындағы қашықтықты сақтауға және жолға шығар алдында ауа райы мен жол жағдайын тексеруге кеңес береді.
Ал алыс жолға шығуды жоспарлаған азаматтарға боран мен көктайғақ кезінде сапарды кейінге қалдыру ұсынылады.