2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жұмысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлем тағайындау тәртібі өзгереді. Енді жұмыссыз қалған адамға алдымен лайықты жұмыс іздеуге көмектесіп, содан кейін ғана жұмыссыз мәртебесі беріледі. Ал әлеуметтік төлем белсенді түрде жұмыс іздеу кезеңінде тағайындалады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Министрліктің мәліметінше, өзгерістердің негізгі мақсаты – азаматтардың тұрақты жұмысқа тезірек орналасуына көмектесу.
Жұмыссыз мәртебесін алу үшін 13 күн күту керек
2026 жылғы 1 қазаннан бастап жұмыс іздеп жүрген адам мәртебесінде болу мерзімі 2 күннен 13 күнге дейін ұзартылған.
Осы уақыт ішінде мансап орталығының мамандары азаматтың кәсіби тәжірибесі мен дағдыларын зерделеп, оған сәйкес бос жұмыс орындарын ұсынады. Сондай-ақ жұмыс берушілермен сұхбаттасуды ұйымдастырады.
Егер 13 күн ішінде лайықты жұмыс табылмаса, азаматқа ресми түрде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Қажет болған жағдайда оған қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту ұсынылады.
Әлеуметтік төлемді қалай алуға болады?
Жұмыссыз мәртебесін алған азамат әлеуметтік төлем тағайындау үшін бірнеше жолмен өтініш бере алады:
eGov.kz порталы арқылы;
Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы;
екінші деңгейдегі банктердің мобильді қосымшаларынан;
телефонға келген SMS-хабарлама арқылы;
мансап орталығына немесе «Азаматтарға арналған үкімет» бөлімшесіне барып.
Бұл ретте әлеуметтік төлем алып жүрген азаматтарға да мансап орталығы жұмыс іздеуге көмектесуді жалғастырады.
Төлем мөлшері қанша болады?
2027 жылдан бастап жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем белсенді жұмыс іздеу кезеңінде тағайындалады.
Төлем мерзімі әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты белгіленеді және үш айдан аспайды.
Төлем көлемі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 45 пайызын құрайды. Есепке алынатын табыстың шекті мөлшері ең төменгі жалақының жеті еселенген мөлшерінен аспайды.
Ең төменгі жалақы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өсетіндіктен, жұмысынан айырылу жағдайындағы әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де айына 346,5 мың теңгеге дейін ұлғаяды.
Алайда бұл төлем міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысқан азаматтарға ғана беріледі.