Мәзір

"Шенеуніктер телефон көтермейтін болды": Самат Нұртаза 123 күн жұмыссыз жүргенін айтты

"Шенеуніктер телефон көтермейтін болды": Самат Нұртаза 123 күн жұмыссыз жүргенін айтты "Шенеуніктер телефон көтермейтін болды": Самат Нұртаза 123 күн жұмыссыз жүргенін айтты
әлеуметтік желіден

Бұрынғы депутат Самат Нұртаза 123 күн жұмыссыз жүргенін айтып, қызметтен кеткеннен кейін айналасындағы адамдардың қарым-қатынасы қалай өзгергені туралы жазды. Оның сөзінше, бұрын үнемі байланыста болған кейбір әріптестері мен шенеуніктер енді телефон қоңырауларына жауап бермейтін болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Автордың айтуынша, жұмыссыз жүргеніне 123 күн болған. Осы уақыт ішінде бұрын қуаты тез таусылатын смартфонының батареясы екі күнге дейін жететін болған. Ал өзі атап өткен 7-8 адамнан басқа ешкім хабарласпайды.

«Өзім звандасам, трубканы көтеретін әріптестер мен шенеуніктер телефон көтермейтін болды. Қызық бір жағынан. Солай болатынын да білгем. Бірақ “кім өзгерсе де, дәл осы адам өзгермейді-ау” деген адамдар өзгеріп кеткеніне куә болып отырмын», – деп жазды ол.

Самат Нұртаза бұрын өзімен араласуға ықылас танытып, кез келген уақытта хабарласуға болатынын айтқан кейбір вице-министрлердің де байланысқа шықпай кеткенін жеткізді.

Оның пікірінше, мұндай жағдай мемлекеттік қызметтен кеткен кез келген адамның, соның ішінде қазіргі Құрылтайдың 145 депутатының да басынан өтуі мүмкін.

«Орныңнан кеттің, депутат болдың. Ал депутаттықтан кейін қайтайын десең, орныңда адам отыр. Тұйық. Бұйырса, жұмысқа шығамын ғой. Бас аман болсын. Елдің алды болмасам да, соры емеспін, екі қолға бір күрек табылар», – дейді автор.

Лауазым адамның қоғамдағы орнын сезінуіне әсер етеді

Ол 123 күндік жұмыссыздық кезеңі өзіне үлкен өмірлік сабақ болғанын айтады. Оның пайымдауынша, шенеуніктердің қызметінен кеткісі келмей, лауазымға барынша берік болуының себебі тек билік пен материалдық мүмкіндіктерге байланысты емес.

Ол лауазым адамның қоғамға қажет екенін сезінуіне, белгілі бір ортадағы орнын жоғалтпауына ықпал етеді деп есептейді.

«Лауазым – ол көпшілік ойлайтын нақты бір ақша, билік, кабинет емес екен. “Лауазым” – “социумға керектігің”, нақты өз шегелеген орның екен. Адам сол өз орнын жоғалтып алмау үшін психологиялық майданда күресетін сияқты. Сол қоғамға керек болғанын сезіну – шенеуніктің басты допингі», – деп жазды ол.

Сонымен бірге автор қызметінен кеткеннен кейін де байланысын үзбей, хабарласып тұратын адамдар бар екенін айтты. Олардың арасында Максим мен Олжас есімді азаматтарды ерекше атаған.

Жазба соңында ол Қазақстандағы мемлекеттік қызмет жүйесінде адамның қоғамға қажеттілігі көбіне атқаратын лауазымымен өлшенетінін айтып, екі жолды нұсқады. Билікке қажет маман болу немесе жеке кәсіпке бет бұру керек дейді.

«Қазақстанның реализімінде билікке пайдалы, қажет, ерекше керек болуың керек немесе жеке кәсіпке кету керек. Бұл өмірде басқа вариант жоқ сияқты. Бұйырғанын көрерміз», – деп түйіндеді ол.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2