Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
Мәзір

ҰҚК төрағасы Сағымбаевтың қызметтен кетуіне не себеп болуы мүмкін?

ҰҚК төрағасы Сағымбаевтың қызметтен кетуіне не себеп болуы мүмкін? ҰҚК төрағасы Сағымбаевтың қызметтен кетуіне не себеп болуы мүмкін?
ашық дереккөз

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшылығындағы өзгеріске қатысты пікір білдірді. Ол жаңа төраға Марат Ирменовтің кәсіби маман екенін айтып, Ермек Сағымбаевтың қызметтен босатылуына байланысты әлеуметтік желіде тараған болжамдарға да тоқталды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Әшімбаевтың жазуынша, ҰҚК-нің жаңа төрағасы, 57 жастағы генерал-майор Марат Ирменов – Батыс Қазақстанның тумасы. Ол 1996 жылдан бері ұлттық қауіпсіздік органдарында терроризмге қарсы күрес бағытында қызмет етіп келеді.

2016 жылы Алматы қаласы бойынша ҰҚК департаменті төрағасының бірінші орынбасары қызметінен Ақтөбе облысы бойынша департамент басшысы болып тағайындалған. Бұл шешім өңірде болған терактіден кейін қабылданған.

2020 жылы Қордайдағы тәртіпсіздіктерден соң Жамбыл облысы бойынша ҰҚК департаментін басқаруға жіберілген. Ал 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Алматы қаласы бойынша департаменттің басшысы болды.

2025 жылдың қазанында ҰҚК төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалған Ирменов енді комитетті басқарады.

«Ол туралы кәсіби маман ретінде өте жақсы пікірлер естідім», – деп жазды саясаттанушы.

Марат Ирменов бұл қызметте 59 жастағы генерал-лейтенант Ермек Сәғімбаевты алмастырды. Сәғімбаев 2019 жылдың мамырынан бастап Президент күзет қызметін, 2021 жылдың тамызынан Мемлекеттік күзет қызметін басқарған. Ал 2022 жылдың қаңтарында ҰҚК төрағасы болып тағайындалған.

Әшімбаевтың пікірінше, Сәғімбаев Қаңтар оқиғасынан кейін ұлттық қауіпсіздік органдарының беделін қалпына келтіруге үлес қосқан. Сонымен қатар терроризм, экстремизм және ұйымдасқан қылмыспен күресті күшейтіп, комитеттің жұмысын институционалдық тұрғыдан нығайтқан.

Саясаттанушы соңғы күндері ҰҚК жүргізген резонансты операцияларға да назар аударды. Өткен аптада комитет «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшыларына қатысты қылмыстық істер аясында ұстау шараларын жүргізген болатын.

Оның айтуынша, жұма күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің жедел отырысынан кейін Ермек Сәғімбаевты қабылдап, ҰҚК жұмысы туралы есебін тыңдаған және бірқатар тапсырма берген. Алайда дүйсенбіде оны қызметінен босату туралы шешім шықты.

Осыдан кейін әлеуметтік желілерде Сағымбаевтың «рұқсатсыз ұстау әрекеті үшін жазаланғаны» туралы болжамдар тараған.

"Әлеуметтік желілерде “рұқсатсыз ұстағаны үшін жазаланды” деген болжамдар пайда болды. Алайда, біріншіден, қолда бар ақпаратқа қарағанда, барлық мәлімет жедел әрі уақытылы жеткізіліп отырған. Екіншіден, Тоқаев жұма күні сыбайлас жемқорлық пен онымен күрес қажеттігі туралы өте қатаң пікір білдірді", – деп жазды Әшімбаев.

Саясаттанушы ҰҚК төрағасының қызметтен босатылуына екі себеп болуы мүмкін деп есептейді. Біріншісі – Президенттің айналасында билік үшін күрес жүріп жатыр деген қауесеттерге жол бермеу. Екіншісі – резонансты ұстау операциясы кезінде жіберілген ұйымдастырушылық қателіктер.

"Ұстау кезінде айғақ заттар салынған чемодандар көшеде тасымалданбауы керек. Бұл тек имидж мәселесі емес, сонымен қатар заңдылық пен тәртіп мәселесі", – дейді ол.

Әшімбаевтың пікірінше, Президент бұл шешімі арқылы билік өкілдерін "өз адамдары" және "бөтен адамдар" деп бөлмейтінін тағы бір рет көрсетті.

"Жалпы, бір кәсіби маманның орнына екінші кәсіби маман келді деп ойлаймын. Бұдан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жұмысы зардап шекпейді", – деп түйіндеді саясаттанушы.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2