9 қарашадан бастап Қазақстанның үш республикалық маңызы бар тасжолында көліктердің орташа жылдамдығын бақылайтын жаңа камералар жұмыс істей бастайды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, жаңа бақылау жүйесі Алматы – Қорғас, Қарағанды – Бурылбайтал және Қызылорда – Арал бағыттарындағы жолдарға орнатылады. Жалпы осы учаскелерде алты бақылау аймағы жабдықталады.
Жаңа жүйе көліктің белгілі бір жол бөлігіне кірген және одан шыққан уақытын тіркейді. Содан кейін жүріп өткен қашықтық пен уақытты есептеп, автомобильдің орташа жылдамдығын автоматты түрде анықтайды.
ІІМ жүргізушілерге ескерту жасады
Министрлік өкілдері жылдамдықты шамадан тыс арттыру жол-көлік оқиғаларының ауыр зардаптарына себеп болатын негізгі факторлардың бірі екенін еске салды. Әсіресе күн суытып, ауа райы нашарлаған кезде жолдағы қауіп күшейеді.
«Күздің келуімен күн ерте батады. Жолдарда көктайғақ, тұман және қар болуы мүмкін. Барлық жол қозғалысына қатысушыларды бүкіл жол бойында белгіленген жылдамдық режимін сақтауға және ауа райына қарай жылдамдықты таңдауға шақырамыз. Асықпау үшін жолға ертерек шығыңыздар», – деп мәлімдеді ІІМ.
Сондай-ақ 9 қарашада Ақмола, Ақтөбе, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарының тасжолдарында жаңбыр аралас қар мен қар жаууы мүмкін. Салдарынан жолдар тайғақ болып, кей жерлерде көріну қашықтығы төмендейді.