Мәзір

Қазақстандық әуе компаниясының ұшағында интернет пайда болды: оны кімдер тегін пайдалана алады?

Қазақстандық әуе компаниясының ұшағында интернет пайда болды: оны кімдер тегін пайдалана алады? Қазақстандық әуе компаниясының ұшағында интернет пайда болды: оны кімдер тегін пайдалана алады?
Photo: AirAstana

2026 жылғы 29 қазанда Алматыдан Ташкентке Air Astana әуе компаниясының спутниктік интернет орнатылған алғашқы ұшағы ұшты. Жоғары жылдамдықты Wi-Fi жүйесі EI-KGB тіркеу нөмірі бар Airbus A321LR бортына орнатылған. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Жоба спутниктік байланыс қызметтерін ұсынатын халықаралық SES компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылып жатыр. Жабдықты орнату жұмыстарын Air Astana мамандары өз техникалық базасында жүргізеді.

Ұшақтағы интернет қанша уақыт тегін болады?

2027 жылғы 31 қаңтарға дейін барлық жолаушыға борттағы интернет тегін ұсынылады. Ал 2027 жылғы 1 ақпаннан бастап тегін Wi-Fi бизнес-класс жолаушыларына және Nomad Club бағдарламасының Gold пен Diamond мәртебелерінің иелеріне қолжетімді болады.

Сонымен қатар Nomad Club бағдарламасының барлық қатысушысы бортта мессенджерлерді тегін пайдалана алады. Қалған жолаушылар интернетке ақылы пакеттер арқылы қосыла алады.

Airbus A321LR ұшақтарын жоғары жылдамдықты Wi-Fi жүйесімен жабдықтау жұмыстары 2027 жылы кезең-кезеңімен жалғасады.

Ұшақтарда интернет қалай пайда болды?

Былтыр Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі пойыздар мен ұшақтарда интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін қойған. Спутниктік байланыс технологиялары теміржол көлігінде қолданыла бастағаннан кейін бұл тәжірибе әуе тасымалына да енгізіліп жатыр.

Министрлік мәліметінше, жобаны іске асыру үшін халықаралық спутниктік операторлармен келіссөздер жүргізіліп, қажетті техникалық және құқықтық мәселелер шешілген. Атап айтқанда, геостационарлық емес спутниктік жүйелерді әуе және су көлігінде пайдалануға қатысты реттеушілік талаптар пысықталған.

Премьер-министрдің орынбасары, Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, алғашқы ұшаққа интернет орнату — осы жұмыстың нақты нәтижесі.

«Соңғы бір жылда ұшақ борттарында спутниктік интернетті іске қосу үшін қажетті реттеушілік жағдайларды қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілді. Шетелдік әріптестермен, халықаралық спутниктік операторлармен және бейінді ұйымдармен бірлесіп, әуе көлігінде геостационарлық емес спутниктік жүйелерді пайдалану мәселелерін пысықтадық. Бұл технологияны тәжірибе жүзінде енгізуге мүмкіндік берді», – деді министр.

Оның сөзінше, алдағы уақытта пойыздар мен ұшақтарда, сондай-ақ Қазақстанның шалғай және жетуі қиын аудандарында интернетке қолжетімділікті кеңейту жұмыстары жалғасады.

Жоба Қазақстанда цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бастамалардың бірі саналады. Спутниктік интернет жолаушыларға сапар кезінде жақындарымен байланыста болуға, жұмыс істеуге және цифрлық сервистерді пайдалануға мүмкіндік береді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2