Солтүстік Қазақстан облысында жантүршігерлік жол апатынан балабақшаның үш қызметкері қаза тапты, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Бес машина соқтығысқан апатта жеңіл тұлпар екі жүк көлігінің ортасында жаншылып қалған.
Қайғылы оқиға Астана - Петропавл тасжолында болды. Кременчуг ауылының маңында қос «КамАЗ» бен үш жеңіл көлік бірінің артынан бірі келіп соғысады. Соққының қатты болғаны соншалық, Audi автокөлігінде отырған үш жолаушы оқиға орнында мерт болды. Марқұм болғандар — Жамбыл ауданының мектепке дейінгі білім беру мекемесінің директоры мен екі тәрбиешісі.
Білім басқармасындағылар олардың сапарға жеке шаруасымен шыққанын айтып отыр. 20 жастағы жүргізуші мен 57 жастағы жолаушы ауыр жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Қазір дәрігерлер оларға ота жасап жатыр. Өзге көліктердің жүргізушілері аман-есен.