Әлеуметтік желіде Mini Knopka атымен танымал қазақстандық блогер Айгерім Бердалиева Алматы көшелерінің атауына қатысты пікірі үшін сынға қалды. Даудан кейін Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары блогердің суреттерін қаладағы билбордтардан алып тастау туралы шешім қабылдаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Блогер Threads әлеуметтік желісіндегі жазбасында Алматыдағы кейбір көшелерді қазіргі атауымен емес, бұрынғы атауларымен атайтынын жазған.
«Мен үшін – Ленин. Тағы да айтайын: мен үшін – Фурманов! Достық, Назарбаев, Наурызбай батыр, Желтоқсан және тағы басқа атаулар жоқ. Нағыз алматылықтар Ленин, Фурманов, Дзержинский, Мир, Виноградов, Комсомольская деп айтады», – деп жазды ол.
Бұл жазба әлеуметтік желіде қызу талқыланып, блогердің сөзіне қатысты сын көбейді.
Айта кетейік, Алматыдағы бірқатар көшенің атауы тәуелсіздік жылдарында өзгертілген. Мәселен, бұрынғы Ленин көшесі қазіргі Достық даңғылы, Фурманов көшесі Назарбаев даңғылы деп аталады.
Жанжалдан кейін Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары блогердің сөзін қолдамайтынын мәлімдеді.
«Жағдайға байланысты шын жүректен кешірім сұраймыз. EURASIAN FASHION WEEK блогердің айтқан пікіріне еш қатысы жоқ екенін және оның жеке парақшасында білдірген ұстанымын қолдамайтынын ресми түрде мәлімдейміз. Жағдайдан хабардар болған бойда блогердің қатысуымен дайындалған барлық материалды Алматыдағы экрандар мен билбордтардан алып тастау туралы шешім қабылдадық», – делінген ұйымдастырушылар мәлімдемесінде.
Кейін Айгерім Бердалиева да жазбасына байланысты кешірім сұрады. Ол пікірін эмоцияға беріліп жазғанын және ешкімді ренжіткісі келмегенін айтты.
«Егер менің жазбам біреуге ауыр тиіп, жағымсыз сезім тудырса, шын жүректен кешірім сұраймын. Мен ешкімді ренжіткім немесе көңіліне тигім келген жоқ. Ол жазбаны эмоцияға беріліп жаздым. Біраз уақыттан кейін өзім де оның тым эмоциялық болғанын түсініп, өшіріп тастадым», – деді блогер.
Ол жағдайдың мұндай деңгейге жететінін күтпегенін айтып, оқырмандарын дауды одан әрі ушықтырмауға шақырды.