Мәзір

Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қамауға алынды

Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қамауға алынды Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы қамауға алынды
Фото: Қорғаныс министрлігі

Қазақстанда Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, I дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков ұсталды. Бұл ақпаратты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұрынғы әскери басшы Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық іс аясында ұсталған.

ІІМ мәліметінше, тергеу барысында Ниязбековке қызметіне салғырт қарады деген күдік келтірілген. Соттың санкциясымен ол қамауға алынып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

«Әскери-тергеу бөлімшесі Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болуына қатысты қылмыстық істі тергеу барысында қызметіне салғырт қарағаны үшін Әскери-теңіз күштерінің бұрынғы бас қолбасшысы, I дәрежелі капитан ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ведомство.

Қанат Ниязбеков бұл қызметтен 3 қазанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен босатылған еді.

Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейінгі кадрлық өзгерістер

Әскери қызметшілер қаза тапқаннан кейін Қорғаныс министрлігінде бірқатар кадрлық өзгеріс болды.

27 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрін тағайындау туралы жарлыққа қол қойды. Ведомство басшысы қызметіне Айдос Мырзахметов келді. Ол 28 қыркүйекте Қарулы күштерді реформалаудың негізгі бағыттарын жариялады.

Ал 3 қазанда Президент Қаныш Әбубәкіровті Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы қызметінен босатты. Сонымен қатар, Қорғаныс министрінің орынбасары Алмаз Жұмакиев пен Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Қанат Ниязбеков те қызметінен алынды.

Кадрлық шешімдерге 24 қыркүйекте Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға себеп болды.

Сол күні Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты теңізге 17 әскери қызметші кеткен. Олардың 14-і қаза тауып, үшеуі құтқарылды.

Осыған байланысты 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.

Оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалған. Олар Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі – «Қызметке салғырт қарау, ауыр зардаптарға әкеп соққан» және 465-бабы – «Кеме жүргізу қағидаларын бұзу» баптары бойынша тергеліп жатыр.

Тергеу аясында Қорғаныс министрлігі жүйесіндегі бес лауазымды тұлға күдікті ретінде анықталып, ұсталған.

Бұған дейін, 26 қыркүйекте, Президент Қорғаныс министрлігінде кешенді тексеру жүргізуді тапсырған.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2