Америкалық Figure AI компаниясы қолданыстан шығарылған F.02 гуманоид роботтарымен қоштасудың ерекше тәсілін көрсетті. Компания роботтарды бөлшектеп тастамай, Финляндиядағы зауытта қайта балқытуға жіберген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Осы процесті компания «Терминатор 2» фильмінің әйгілі финалдық көрінісіне ұқсатып түсірді. Видеода бірнеше F.02 роботы кезекпен балқыған металлы бар пешке секіреді.
Шоуға «Терминатор» фильміндегі басты рөлді сомдаған Арнольд Шварценеггер де қатысты. Роботтарды фильмдегі көрініске ұқсатып жою идеясын актердің өзі ұсынған.
Роботтарды қайта балқыту Финляндияның Иматра қаласындағы зауытта жүргізілді. Figure AI өкілдерінің айтуынша, ескі роботтарды жеке бөлшектерге ажырату көп уақыт пен ресурсты талап етеді. Сондықтан компания оларды бірден қайта балқыту тиімді деген шешімге келген.
Ал роботтардың пешке секіруін түсіру үшін Figure AI арнайы дайындық жүргізген. Нәтижесінде техникалық утилизация процесі «Терминатор» фильмінің финалына ұқсас ерекше видеоға айналды.