Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан Мирас Тұрдыбекұлының егіз сыңары әлеуметтік желіде бауырына арнап жазба жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ол жазбасында егіз бауырынан айырылғаннан кейінгі сағынышын өлең жолдарымен жеткізген. Сондай-ақ бауырының орнын ешкім баса алмайтынын айтып, оның ата-анасына қарайласатынын жазған.
«Сені Мирас әлі мен егіз деймін,
Келер әлі Мирас деп сені іздеймін…
Күллі жұртқа сені мақтап мен әлі,
Жаман ана тапқан ұл дегізбеймін…
Бауырым, сенің орның бір бөлек еді. Сенің орныңды кім толтырады? Қолдан келер шара бар ма? Тек сені еске алумен өтем. Уайымдама, әкем мен анама өзім бас-көз боламын. Мені сағынсаң, осымен сағынышыңды басарсың деп, ертең өз бір киімімді өзіңмен бірге жерлеймін. Тек осылай бір-біріміздің сағынышымызды басайық, егізім-ау», – деп жазды ол.
Марқұмның сыңары бауырының туған күнінде оны құттықтау үшін әскерге арнайы барғанын да еске алған. Мирас теңізде жоғалған кезде оны іздегенін, алайда қолынан ештеңе келмегенін айтып, сол күндердегі жан күйзелісін жеткізді.
«Қолдан келер шара бар ма, бауырым-ау. Менің де қолымнан түк келмеді, іздедім, таба алмадым. «Диас, мен мындамын» деп белгі бердің ғой әр жерден. Егізім-ау, жаның жәннатта болғай», – деп жазды ол.
Жазбаға әлеуметтік желі қолданушылары пікір қалдырып, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтып жатыр.
Еске салайық, Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаны ресми түрде хабарланған еді.