Депутат сауалында Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйеніп, Қазақстанда 15 пен 34 жас аралығындағы оқымайтын әрі жұмыс істемейтін NEET санатындағы жастардың үлесі 5,8% екенін атап өтті.
Сауалда бұл көрсеткіш 100 мыңнан астам тіркелген және 300 мыңнан астам уақытша немесе жасырын жұмыссыз жүрген жас азаматты қамтитыны айтылған.
«Бұл топ деструктивті тәуекелдерге бейім ең осал орта», – делінген депутаттық сауалда.
235 Жастар ресурстық орталығы жұмыс істейді
Депутаттың мәліметінше, қазіргі уақытта жастарды әлеуметтендіру мәселесімен еліміздегі 235 Жастар ресурстық орталығы айналысады.
Алайда сауалда орталықтардың жұмысында бірқатар мәселе бар екені көрсетілген. Атап айтқанда, олардың мүмкіндіктері көбіне қалалық белсенді жастармен шектеліп, ауылдық жерлер мен қала маңындағы осал топтарға жеткілікті деңгейде бағытталмай отыр.
«Ауылдық жерлер мен қала маңындағы осал топтар ақпараттық вакуумда өмір сүруде. Жастардың басым бөлігі тығырықтан шығар жолды мемлекеттік бағдарламаларсыз, өз бетінше іздеуге мәжбүр», – делінген сауалда.
Сонымен қатар Жастар ресурстық орталықтарының қызметі көбіне жалпы сипатта екені және нақты мақсатты топтармен, соның ішінде жасырын NEET жастарымен атаулы жұмыс жүргізуге бейімделмегені айтылған.
Депутат аудандық және ауылдық деңгейдегі орталық қызметкерлерінің материалдық ынталандырылуы да жеткіліксіз екенін көтерді.
Сауалда жас мамандардың «Smart Data Ukimet» және «Отбасының цифрлық картасы» сияқты мемлекеттік базалармен жұмыс істей алмайтыны, соның салдарынан қиын жағдайдағы жастармен кешенді мансаптық жұмыс жүргізу мүмкіндігі шектелетіні көрсетілген.
Жастар орталықтарының жұмысын қалай бағалау ұсынылды?
«Әділет» партиясы жастар ресурстық орталықтарының тиімділігін бағалау тәсілін өзгертуді ұсынды. Депутаттың пікірінше, орталықтардың жұмысын өткізілген іс-шаралар санымен емес, нақты нәтижемен бағалау қажет.
«Жастар ресурстық орталығы жұмысын бағалауда өткізілген іс-шаралар саны арқылы емес, нақты тұрақты жұмысқа немесе қысқа мерзімді курстарда сұранысқа ие мамандық алып шыққан азаматтар саны арқылы бағалауды» ұсынамын, – деді Дидарбек Ділдәбек.
Яғни ұсыныс бойынша орталық жұмысының негізгі көрсеткіші өткізілген форумдар, кездесулер немесе акциялар саны емес, жұмысқа орналасқан немесе кәсіптік білім алған жастардың саны болуы тиіс.
Жастарды базарлар мен вокзалдардан іздеу керек
Депутат жастармен жұмыс жүргізудің форматын да өзгертуді ұсынды. Атап айтқанда, Жастар ресурстық орталығы қызметкерлерін жастар көп шоғырланатын орындарға, соның ішінде ірі базарларға, вокзалдарға және қала маңындағы жұмысшы кенттеріне көбірек жіберу ұсынылды.
Сондай-ақ осындай жерлерде көшпелі кеңес беру пункттерін ұйымдастыру ұсынылған.
Бұл ұсыныс әсіресе мемлекеттік жастар бағдарламалары туралы ақпараттан тыс қалған азаматтарды тікелей қамтуға бағытталған.
NEET жастарға eGov арқылы хабарлама жіберу ұсынылды
Депутат мемлекеттік ақпараттық жүйелерді жастарды анықтау және оларға ұсыныс жасау үшін пайдалануды ұсынды.
Оның ішінде «Smart Data Ukimet» жүйесіне автоматты алгоритм енгізу ұсынылған.
«15–35 жас аралығындағы азамат оқудан шыққан немесе зейнетақы жарнасы түспеген сәтте, оған eGov Mobile арқылы атаулы SMS-ұсыныс жіберуді» ұсынамын, – деді депутат.
Осылайша, сауалда жастар мемлекеттік қолдау іздеп келгенше күтпей, олардың оқуын немесе ресми жұмыспен қамтылуын тоқтатқан сәтте өздеріне тікелей ұсыныс жіберу тетігін енгізу ұсынылып отыр.
Имидждік іс-шараларға шығынды қысқарту ұсынылды
Депутат жастар саясатына бөлінетін қаражаттың бір бөлігін қайта бағыттау мәселесін де көтерді.
Атап айтқанда, жергілікті бюджеттен имидждік форумдар мен акцияларға жұмсалатын шығындарға мораторий енгізіп, үнемделген қаражатты ауылдық және аудандық деңгейдегі Жастар ресурстық орталығы инспекторларының жалақысын көтеруге бағыттау ұсынылды.
Осылайша, депутаттық сауалда жастармен жұмыс істеудің басты бағыты ретінде іс-шара өткізуден нақты нәтижеге көшу, ауылдық және осал жастарды тікелей қамту, цифрлық деректер арқылы NEET санатындағы азаматтарды анықтау және жастар орталығы қызметкерлерінің еңбегін материалдық ынталандыру ұсынылған.
Дидарбек Ділдәбек сауалда көтерілген мәселелерге Конституциялық заңға сәйкес жауап беруді сұрады.