Мәулен Әшімбаев: саяси үзіліс пе?
Бигелді Ғабдуллиннің айтуынша, Мәулен Әшімбаев Сенатты ұзақ жыл басқарды. Парламенттің бұрынғы форматтағы жұмысы аяқталғаннан кейін оның да өкілеттігі тоқтады. Алайда. Әшімбаевтың өзі мемлекеттік қызметтен біржола кететінін айтқан жоқ.
Парламенттің соңғы отырысы қарсаңында ол мемлекеттік қызметшінің бір ғана лауазымға байланып қалмауы керектігін айтқан еді.
«Мемлекеттік қызметшілерде тек мен осында жұмыс істеймін, жұмыс істемеймін деген ұстаным болмайды. Біз енді бәріміз мемлекеттік қызметте жүргендіктен, қай жерде біздің әлеуетіміз керек болса, қай жерде реформаға керекпіз, сол бағытта жұмыс істеуіміз керек. Президентімізге көмектесуіміз керек», – деген еді Әшімбаев.
Бұл сөздің өзі оның саяси жүйедегі өзгерісті қызмет ауысуы ретінде қабылдайтынын аңғартады.
Бигелді Ғабдуллин де Әшімбаевтың қазіргі жағдайын саяси мансаптың соңы деп бағалауға асықпайды.
«Меніңше, Әшімбаевты саясаттан біржола кетті деп қабылдауға әлі ерте. Оның тәжірибесі мемлекеттік аппаратпен, саяси институттармен және заң шығару жүйесімен тығыз байланысты», – деп бағалайды публицист.
Әшімбаевтың ерекшелігі де осында. Ол атқарушы билікте облыс әкімі болып жұмыс істеген саясаткерден гөрі саяси институттар мен мемлекеттік аппарат ішінде қалыптасқан тұлға. Сондықтан оның келесі қызметі де осы бағыттарға жақын болуы мүмкін деген болжам жасауға негіз бар.
Бұған қоса, Әшімбаевтың өзі жаңа саяси кезеңде жаңа адамдардың келуін қолдайтынын айтқан.
«Мен жаңа адамдар келеді деп сенемін. Қазір бәрі қарқынды өзгеріп жатыр. Сондықтан, Құрылтай құрамында жаңа тұлғалар, болашағы зор саясаткерлер, жастар, әйелдер және өңір өкілдері көбірек болса, бұл елімізге маңызды әрі пайдалы болады деп сенемін», – деген ол.
23 тамызда Әшімбаев Құрылтай сайлауында дауыс беріп, саяси процестен тыс қалмағанын көрсетті. Сол күні ол елдегі өзгерістерге тоқталып, азаматтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
Ғабдуллиннің пайымынша, дәл осы кезеңді «қызметсіз қалу» емес, саяси үзіліс ретінде қарастырған дұрыс.
«Қызметтің аяқталуы адамның саяси тәжірибесін жоққа шығармайды. Әшімбаев сияқты мемлекеттік жүйені жақсы білетін кадрдың тәжірибесі жаңа кезеңде де қажет болуы мүмкін», – дейді ол.
Ерлан Қошанов: «Оны саясаттан сызып тастауға әлі ерте»
Бигелді Ғабдуллиннің жазуынша, Ерлан Қошановтың жағдайы сәл өзгеше. Ол Қарағанды облысын басқарды, Президент Әкімшілігіне жетекшілік етті, Мәжіліс төрағасы болды, AMANAT партиясын басқарды.
Яғни, оның тәжірибесі тек заң шығару саласымен шектелмейді. Ол өңірлік басқарудан бастап орталық мемлекеттік аппаратқа дейінгі бірнеше деңгейден өтті.
Сондықтан Бигелді Ғабдуллин Қошановтың қызметсіз қалуын да уақытша жағдай ретінде бағалайды.
«Қошанов – адам ретінде де, өмірлік тәжірибесі жағынан да басқа қалыптағы саясаткер. Ол – қарапайым ортадан шыққан, еңбектен өскен адам», – деп сипаттайды публицист.
Ғабдуллиннің айтуынша, Қошанов ешқашан өзін көрсетуге тырысқан саясаткерлердің қатарында болған емес.
«Қошанов ешқашан көзге түсетін қадамдарға құмар болған жоқ. Ол күн сайын өзін жұртқа еске салып отыратын адамдардың қатарынан емес. Керісінше, көп сөйлегеннен гөрі көп тыңдайтын адам ретінде көрінеді. Ол шешен саясаткер емес. Қазақстан саясаты үшін мұндай қасиет, шынын айтқанда, сирек кездеседі», – дейді ол.
Қошановтың мемлекеттік тәжірибесі де аз емес. Қарағанды облысының әкімі, Президент Әкімшілігінің басшысы, Мәжіліс төрағасы және AMANAT партиясының жетекшісі болған саясаткердің мемлекеттік жүйені ішінен білуі оның басты артықшылықтарының бірі.
«Ол мемлекеттік жүйені ішінен біледі. Адамдарды біледі, шешімдердің қалай қабылданатынын біледі. Ең бастысы – сол шешімдердің билік дәліздерінен қалай өтетінін түсінеді. Мұндай тәжірибені жай ғана қоқысқа тастай салмайды», – дейді Ғабдуллин.
Сондықтан публицист Қошановты 64 жасында бірден саяси зейнеткер қатарына қосуды ерте деп санайды.
«Мен Қошановты саяси зейнеткер деп атауға асықпас едім. Оны қайда жіберетіні – уақыттың еншісіндегі мәселе. Бірақ мен оның қызметсіз ұзақ қалатынына сенбеймін», – дейді ол.
Қошановтың өзі де саяси процестен шет қалмағанын көрсетті. 23 тамызда Құрылтай сайлауында дауыс берген бұрынғы Мәжіліс төрағасы бұл күнді тарихи оқиға деп бағалады.
«Отбасымның да, өзімнің де көңіл-күйім өте жақсы. Себебі бүгін тарихи күн ғой. Таяуда ғана Конституциямызды қабылдадық. ... Сол Конституцияны іске асырудың бүгін алғашқы қадамы. Құрылтайдың сайлауы жүріп жатыр», – деді Қошанов.
Ғабдуллин үшін Қошановтың тағы бір ерекшелігі – оның биліктің шыңына кез келген жолмен ұмтылатын саясаткер болмауы.
«Меніңше, Қошанов қандай жолмен болса да жоғарыға ұмтылатын адамдардың қатарынан емес. Ол командамен жұмыс істей алады, байыппен шешім қабылдайды, астыртын интригаларды ұнатпайды. Сондықтан мен оны саяси есептен шығаруға асықпас едім», – дейді публицист.
Екеуінің ортақ тұсы неде?
Әшімбаев пен Қошановтың саяси жолы әртүрлі болғанымен, екеуінің ортақ тұсы бар. Екеуі де мемлекеттің ең жоғары деңгейіндегі басқару жүйесінде ұзақ жыл еңбек етті және жаңа саяси құрылымға өту кезеңінде қызметтерінен кетті.
Сондықтан олардың қазіргі саяси үзілісін соңғы нүкте деп бағалау әзірге ерте.
Әшімбаевтың күші – саяси институттар мен мемлекеттік аппаратты жақсы білуінде болса, Қошановтың артықшылығы – атқарушы билік пен мемлекеттік басқарудың әртүрлі деңгейіндегі тәжірибесінде. Бұл тұрғыдан алғанда, екеуінің де тәжірибесі жаңа саяси кезеңде қажет болуы мүмкін. Бигелді Ғабдуллин де осыған назар аударады.
Қазіргі таңда олардың алдағы қызметі туралы ресми шешім жарияланған жоқ. Бірақ, екеуінің де Құрылтай сайлауында дауыс беруі олардың қоғамдық-саяси процестерді бақылап отырғанын көрсетеді.