«Алматы мен Астанадағы нысандарымызға тауар орналастыруды ұсынамыз. Ол жерден Ресейдегі клиенттерге тапсырыстарды еш қиындықсыз жеткізе аламыз. Сондай-ақ Қазақстан мен Қырғызстандағы Ozon сатып алушыларына жеткізудің жылдам болуы есебінен осы елдердегі сатылым көлемі де артады», – делінген маркетплейстің 1 қыркүйек кешке ресми Telegram-арнасында жариялаған мәлімдемесінде.
Ozon 30 қыркүйекке дейін сатушыларға кросс-докинг қызметіне 100 пайыздық жеңілдік ұсынады. Яғни осы кезеңде тауарларды Алматы мен Астанаға тасымалдағаны үшін бөлек ақы алынбайды.
Маркетплейстің мәліметінше, Қазақстандағы қоймалардан Ресейдегі сатып алушыларға тапсырыстарды бірнеше күн ішінде жеткізуге болады. Компанияның айтуынша, мысалы, Екатеринбургке жеткізу орта есеппен төрт-бес күнді алады.
Компания Қазақстандағы Ozon логистикалық орталықтарында сатушылар сақтай алатын тауар көлеміне шектеу қоймайды. Қоймалар ірі габаритті тауарларды да қабылдайды. Олар кейін Қазақстан мен Ресейдегі сатып алушыларға жеткізілуі мүмкін.
2026 жылдың шілде айының ортасынан бастап Ресейдегі ірі маркетплейстердің қоймаларына дрондар шабуыл жасай бастады. Алдымен шабуылдар Wildberries нысандарына жасалды. Электросталь, Котовск, Подольск және басқа қалалардағы қоймаларда ірі өрттер болды.
22 тамыздан бастап шабуылдар Ozon нысандарына да тарады. Reuters агенттігінің бағалауынша, 26 тамызға дейін Wildberries пен Ozon-ға қатысты 20-дан астам нысанға шабуыл жасалған.