Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында іс бойынша алдын ала тыңдау жалғасып жатыр. Қаза болған әйелдің күйеуі Әділет Зейнелдің өкілі Мұрат Мауметов оны жәбірленуші ретінде іс жүргізуге қатыстыруды тоқтатып, басқа адамды жәбірленуші деп тану туралы өтініш білдірді.
«Улдана Мырзуан қайтыс болған кезде Әділет Зейнел оның жұбайы болған және әйелінің қайтыс болуына байланысты қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің өкілі деп танылды. Сонымен қатар Зейнел осы қылмыстық іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын жәбірленушінің анасы жүзеге асыруына қарсылық білдірмейді. Қазіргі уақытта марқұмның анасы жәбірленуші деп танылды, ол оның жақын туысы болып табылады. Екеуінің арасында келісімге қол жеткізілгендіктен, анасы осы іс бойынша жәбірленушінің құқықтарын жүзеге асырғысы келеді», – деді адвокат.
Алайда судья бұл өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Бұған дейін іс бойынша сотталушы ретінде ОСИ төрайымы Сауле Жубаниязова танылғаны белгілі болған. Оған Қылмыстық кодекстің 254-бабы – «Міндеттеріне адал қарамау» бойынша айып тағылды.
Сот отырысы Жоғарғы соттың YouTube арнасында тікелей эфирде көрсетіліп жатыр.
2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылындағы көпқабатты үйдің қасбетіндегі кірпіш қаптама тоғыз қабатты тұрғын үйдің сыртынан құлаған. Оқиға салдарынан бес адам зардап шекті. Олардың арасында оқиға орнына келген екі фельдшер де болды.
Олардың бірі – Улдана Мырзуанның басынан жабық жарақат алғаны анықталды. Дәрігерлер оның бас сүйегіне трепанация жасап, гематоманы алып тастап, қан кетуді тоқтатты. Алайда 18 қарашада ол қайтыс болды.
Сол күні Президент Улдана Мырзуанды қаза болғаннан кейін ерлігі үшін медальмен марапаттады. Ал желтоқсанда Астана қалалық жедел медициналық жәрдем станциясының ғимаратына Улдана Мырзуанның құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.