Базарбек оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде түрлі болжамдар мен әңгімелер тарап жатқанын айтты. Оның сөзінше, өзі және жұбайы сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерін жария етпеу туралы қолхат берген.
«Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазір қажетті сараптамалардың жүргізілуі күтілуде. Тергеп-тексеру органдары заң талаптарына сәйкес болған оқиғаның барлық мән-жайына объективті әрі әділ баға береді деп сенемін. Қазір мен үшін ең бастысы — зардап шеккен азаматтың өзіне, жақындары мен туыстарының қасында болып, оларға қажетті көмек көрсету. Біз бірнеше күн бойы іс жүзінде ұйықтамай, оның туған-туыстарымен бірге оның сауығып кетуін тілеп, дұға жасап отырмыз. Көрсетілген шұғыл медициналық көмек үшін аудандық аурухананың барлық дәрігерлеріне, сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасына ерекше алғысымды білдіремін», – деп жазды Базарбек.
Ол жұртшылықты әлеуметтік желідегі расталмаған ақпаратқа сенбей, тергеу қорытындысын күтуге шақырды.
«Баршаңызды асығыс қорытынды жасамауға және тек ресми ақпарат пен тергеу нәтижелеріне сенуге шақырамын. Осы қиын күндерде алаңдап, қолдау көрсетіп жатқан баршаңызға рахмет!» – деді ол.
Зардап шеккен азаматтың жағдайы өте ауыр
Жол апатынан зардап шеккен 37 жастағы ер адам 15 тамызда сағат 20:21-де ауруханаға жеткізілген. Қазір ол анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде жатыр.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, науқасқа политравма, ауыр бас-ми жарақаты, миының соғылуы, екі жақ қабырғаларының бірнеше жерден сынуы, екі жақты гемопневмоторакс, оң жақ балтыр сүйектерінің ашық сынуы және II–III дәрежелі травмалық шок диагнозы қойылған.
«Науқастың жағдайы политравма мен ауыр травмалық шокқа байланысты өте ауыр. 15.08.2026 жылы пациент облыстық мамандар: нейрохирург, реаниматолог және торакалды хирургпен кеңесілді. Ұсынымдар берілді. Емдеу жалғасып жатыр», – деп хабарлады денсаулық сақтау басқармасы.
Зардап шеккен азамат комада жатыр және жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Полицияның алдын ала мәліметінше, Toyota көлігінің жүргізушісі жолдың жүретін бөлігінде тұрған ер адамды қағып кеткен. Зардап шеккен азамат орталық аудандық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілген. Бастапқыда полиция жүргізушінің аты-жөнін жарияламай, рөлде Б. есімді азамат болғанын хабарлаған. Кейін Бақытжан Базарбек жол апатының өз қатысуымен болғанын растады. Қазір жол апатының мән-жайы анықталып жатыр.