Колумбияда магнитудасы 7,4 болатын жойқын жер сілкінісі салдарынан кемінде 132 адам қаза тауып, тағы 570 адам жарақат алды. Бұл туралы CNN Колумбия астаналары қауымдастығының мәліметіне сілтеме жасап хабарлады.
Қауымдастықтың мәліметінше, ең көп адам Перейра қаласында қаза болған. Мұнда 60 адамның көз жұмғаны тіркелген.
Елдің бес әкімшілік орталығында қауіптің қызыл деңгейі жарияланды. Сонымен қатар зақымданған инфрақұрылымға байланысты жеті әуежайдың жұмысы уақытша тоқтатылды.
Жер сілкінісі 10 тамыз күні таңертең Колумбияның Чоко департаментінде болған. Жерасты дүмпулері елдің орталық және оңтүстік-батыс аймақтарында, сондай-ақ Эквадор, Панама және Венесуэлада сезілді.
Апаттан кейін Колумбияда ұлттық апат режимі енгізілді. Құтқару және зардап шеккендерге көмек көрсету жұмыстары жалғасып жатыр. Жағдайға байланысты қаза тапқандар мен жараланғандар саны әлі өзгеруі мүмкін.