Судья Саммидин Темірлаев сот барысында Нұрай Серікбай мен анасы Айгүл Сағынбекованың телефон арқылы алмасқан хабарламаларын оқып берген. Оның айтуынша, бұл жазбалар жәбірленуші тараптың бұған дейін берген түсініктемелерін растайды.
Сотта анықталғандай, 2 қазанда Айгүл Сағынбекова қызына бірнеше рет қоңырау шалған. Алайда Нұрай телефон тұтқасын көтермеген. Кейін анасы оған қайта хабарласуын өтініп, мәтіндік хабарлама жіберген.
4 қазанда, яғни Нұрай Серікбай жоғалған күні, оның анасының қызымен байланысуға тағы да әрекет жасағаны белгілі болды. Алайда бұл жолы да қоңырауларына жауап болмаған.
Судья Саммидин Темірлаевтың айтуынша, анасы қызына: «Нұрай, маған хабарласшы. Не істеп жүрсің?» деген хабарлама жолдаған.
Бұған дейін сотта Айгүл Сағынбекова, Нұрайдың әкесі мен ағалары 4 қазанда оған бірнеше рет хабарласуға тырысқанын, алайда телефоны сөндірулі болғанын айтқан еді.
Сол күні анасы қызына: «Сенен мұндайды күтпеп едім» деп жазған. Бұған жауап ретінде Нұрай: «Анашым, бәрі менің келісімімсіз болды. Мұны қаламадым», – деп жауап берген.
Судьяның сөзінше, сотта жарияланған хат алмасулар марқұмның туыстары бұған дейін берген айғақтарды толықтай растайды.
ске салайық, биыл қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студент Нұрай Серікбайдың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын. Жас қызға пышақпен шабуыл жасалып, ол оқиға орнында көз жұмды.
Тергеу барысында күдіктінің марқұмның соңынан ұзақ уақыт бойы қалмай жүргені, сондай-ақ оны алып қашқан деген күдікке де ілінгені белгілі болды. Аталған фактілер бойынша полиция адам өлтіру және сталкинг баптарымен қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізді.
Оқиғадан үш ай өткен соң, 28 жастағы күдіктінің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық денсаулық орталығына ауыстырылғаны белгілі болды. Осыдан кейін марқұмның туыстары күдікті психикалық ауру туралы анықтама алып, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық білдірді.
Кейін Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысына сәйкес айыпталушының есі дұрыс деп танылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, күдікті өз әрекеті үшін заң алдында толық жауап береді.