Мәзір
Бүгін, 11:36 / BuginMedia / Әлеумет

Астанада қаза болған фельдшердің күйеуі ел алдына шығып, жиналған қаражат пен жаңа өмірі туралы айтты

Жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның қазасынан кейін көпшіліктің сынына ұшыраған бұрынғы жұбайы Әділет Зейнел алғаш рет көлемді сұхбат беріп, марқұмнан кейін жиналған қаражаттың жұмсалуы мен оның отбасымен арадағы қарым-қатынасы туралы айтты,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Астанада қаза болған фельдшердің күйеуі ел алдына шығып, жиналған қаражат пен жаңа өмірі туралы айтты Астанада қаза болған фельдшердің күйеуі ел алдына шығып, жиналған қаражат пен жаңа өмірі туралы айтты
Ашық дереккөз

Сұхбат «Қазақстан халық партиясының» YouTube арнасында жарияланды. Әділет анасымен бірге келіп, әлеуметтік желіде талқыға түскен шамамен 20 млн теңгенің қалай жұмсалғанын дәлелдеу үшін түбіртектер мен құжаттарды көрсетуді жөн көргендерін айтты.

Оның сөзінше, бұл мемлекеттік өтемақы емес, әкімдіктің қолдауымен жерлеу рәсімі мен оған байланысты шығындарға жиналған қаржы.

«Адамдар шындықтың бәрін білмейді. Әр нәрсенің екі жағы бар. Халық бұл қаражаттың қайда кеткенін білсін деп, барлық түбіртекті көрсеткіміз келді», – деді ол.

Қаражат қайда жұмсалды?

Әділеттің анасының айтуынша, жиналған ақшаның басым бөлігі Ұлдананың банк кепілдігіндегі автокөлік несиесін жабуға кеткен.

Оның мәліметінше, көлік несиесіне шамамен 10 млн теңге төленген. Кейін көлік кепілдіктен шығарылған. Бұдан бөлек, Ұлдананың анасына – 3,9 млн теңге, Әділеттің өз атынан қосымша 1,1 млн теңге, ал марқұмның әпкесіне 1,34 млн теңге аударылған. Сондай-ақ жерлеу рәсімі, ас беру және қырқына дейінгі еске алу шараларының шығыны өтелген.

Әділеттің анасы сұхбат барысында түбіртектер мен банк құжаттарын көрсетіп, жиналған қаражаттың ешқайсысы отбасының жеке қажетіне жұмсалмағанын мәлімдеді.

Сұқбатқа не себеп болды

Әділеттің айтуынша, сұхбат беруге әлеуметтік желіде жаңа қалыңдығымен түскен суреттері тарағаннан кейінгі қоғамдық қысым себеп болған.

Ол қазіргі таңда қалыңдығы бар екенін, алайда ресми некеге әлі тұрмағанын айтып, тойды келесі жылдың жазында өткізуді жоспарлап отырғандарын жеткізді.

Зейнел жаңа қарым-қатынасты сәуір айының соңында, Ұлдана қайтыс болғаннан бірнеше ай өткен соң бастағанын айтты. Сондай-ақ қалыңдығы марқұмның жақын құрбысы болған деген ақпаратты жоққа шығарып, екеуі тек медицина саласында қызмет еткенімен, Ұлдана тірі кезінде жақын араласпағанын мәлімдеді.

Ұлдананың отбасымен арақатынасы

Әділет көктемнен бері Ұлдананың ата-анасымен қарым-қатынасы нашарлап, қазір іс жүзінде араласпайтындарын айтты.

Сондай-ақ ол көлік мәселесіне тоқталып, шілде айында автокөліктің Ұлдананың ата-анасының атына рәсімделгенін жеткізді. Оның сөзінше, нотариалды келісім бойынша марқұмның ата-анасы қызының шамамен 2,3 млн теңге көлеміндегі зейнетақы жинағынан бас тартса, өзі автокөлікке деген құқығынан бас тартқан.

Жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайды

Әділет жаңа қалыңдығы болғанына қарамастан, жұбайының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтынын айтты.

«Бұл істі бастаған соң, соңына дейін жеткізгім келеді. Әділдікке қол жеткізгім келеді», – деді ол.

Сондай-ақ ол Ұлдананың есімін әрдайым құрметпен еске алатынын, жаңа отбасы құруды сатқындық деп санамайтынын және әлеуметтік желіде өз отбасына тіл тигізіп, қоқан-лоқы көрсеткендерге қатысты заң аясында әрекет ететіндерін мәлімдеді.

Еске салайық, тамыз айының басында Әділет Зейнелдің жаңа қарым-қатынас бастағаны туралы ақпарат әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын. Бірі оны асығыс шешім қабылдады деп сынаса, енді бірі жеке өміріне араласпауға шақырды.

23 жастағы жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуан 2025 жылғы 8 қарашада Астанада шақырту кезінде ғимараттың кірпіш қаптамасы мен кондиционер бекіткіші құлап, ауыр жарақат алған. Ол 18 қарашада, он күн реанимацияда жатқаннан кейін көз жұмды. Ерлі-зайыпты 2025 жылғы 30 қыркүйекте шаңырақ көтерген еді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2