Халықаралық іздеуде жүрген блогер Қайсар Қамзаның Вьетнам әуежайында түсірілген суреттері әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларды журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жариялады.
Журналистің мәліметінше, суреттер Қайсар Қамзаны Қазақстанға экстрадициялау кезінде түсірілген болуы мүмкін. Дегенмен бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазақстанның Бас прокуратурасы блогердің елге экстрадицияланғанына қатысты әзірге ресми ақпарат жоқ екенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, бұл мәселеге байланысты ешқандай ресми хабарлама жарияланбаған.
Еске салайық, бұған дейін Қайсар Қамзаның Вьетнамда ұсталғаны және оны Қазақстанға беру мәселесі қаралып жатқаны хабарланған еді.
2026 жылдың сәуірінде миллионнан астам оқырманы бар блогер Вьетнамның Камрань қаласында Интерполдың сұрауы бойынша қолға түсті. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ол әлеуметтік желілерде онлайн-казиноны тұрақты түрде жарнамалап, азаматтарды құмар ойындарға тартты деген күдікке ілінген.
Ал мамыр айының басында Қайсар Қамза Вьетнамнан бейнеүндеу жасап, Қазақстанға барып келгеннен кейін Нячанг қаласына қайта оралғанын айтқан. Оның сөзінше, сол кезде иммиграциялық қызмет өкілдері төлқұжатын алып қойған.
«Иммиграциялық қызметте менің төлқұжатымды алып қойды. Бәрі жақсы болады деп тілейік. Осыны айтқым келді. Жақсы күндерде қайта кездескенше», – деген болатын блогер.
Қазіргі уақытта Қайсар Қамзаның Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы ресми ақпарат жоқ. Құзырлы органдар бұл іске қатысты қосымша мәлімет жариялаған жоқ.