Ресейдің Алтай Республикасында болған жантүршігерлік жол-көлік оқиғасы салдарынан Қазақстанның екі азаматы қаза тауып, тағы үш қазақстандық, оның ішінде 13 жастағы қыз бала жарақат алды.
Ресейдің Алтай Республикасы Мемлекеттік автоинспекциясының мәліметінше, қайғылы оқиғаға мас күйінде әрі жүргізуші куәлігінсіз көлік тізгіндеген 31 жастағы әйел себеп болған.
Апат 27 шілде күні кешкі сағат 20:30 шамасында Ұлаған ауданындағы Ақташ ауылының маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Avensis көлігін басқарған жергілікті тұрғын қарсы қозғалыс жолағына шығып кетіп, Қазақстанның 40 жастағы азаматы басқарған Chevrolet Nexia автокөлігімен бетпе-бет соқтығысқан.
Қатты соққы салдарынан Chevrolet жүргізушісі мен оның 44 жастағы жолаушысы ауыр жарақатпен Ақташ аудандық ауруханасына жеткізілген. Алайда дәрігерлер олардың өмірін сақтап қала алмады.
13 жастағы қыз бала ауруханаға түсті
Жол апаты салдарынан тағы төрт адам түрлі дене жарақатын алған. Ауруханаға Toyota көлігіндегі 21 жастағы жолаушы, сондай-ақ Chevrolet көлігіндегі екі 63 жастағы ер адам мен 13 жастағы қыз бала жеткізілген.
Ресейлік құқық қорғау органдарының мәліметінше, Chevrolet көлігінде болған қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығы Қазақстан азаматтары.
Ал апатқа кінәлі болуы мүмкін әйел жеңіл жарақат алғандықтан ауруханаға жатқызылмаған.
Мас күйде әрі жүргізуші куәлігінсіз болған
Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және рөлге мас күйінде отырғаны анықталған.
«Тексеру барысында әйелдің көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені әрі мас күйде болғаны белгілі болды. Оқиға бойынша тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады Алтай Республикасы Мемлекеттік автоинспекциясы.