Министрліктің хабарлауынша, АҚШ бұл шешімді 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу нәтижесінде қабылдаған. Жаңа талап 2026 жылғы 24 шілдеден бастап күшіне енеді.
Сонымен қатар АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше тауарлар тізіміне енген өнімдерге бұл баж қолданылмайды.
"Бұған дейін қолданылған 10 пайыздық уақытша импорттық үстеме 150 күндік мерзімнің аяқталуына байланысты күшін жойған. Сондықтан жаңа 12,5 пайыздық баж бұрынғы үстемеге қосылмайды", - делінген хабарламада.
Сауда және интеграция министрлігінің есебіне сәйкес, Қазақстанның АҚШ-қа экспорттайтын өнімдерінің шамамен 95 пайызы жаңа кедендік баждың ықпалына түспейді.
Министрлік қазақстандық экспорттаушылардың мүддесін қорғау және өзара тиімді шешімдерге қол жеткізу үшін АҚШ тарапымен келіссөздер мен өзара іс-қимылды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.