Қадағалаушы органның мәліметінше, сайлауалды үгіт жүргізу тәртібі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 27 және 28-баптарымен реттеледі.
Бас прокурордың орынбасары Ерлан Өтегеновтің айтуынша, мемлекет азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің белгілі бір кандидатты немесе саяси партияны қолдап не оған қарсы үгіт жүргізу құқығына кепілдік береді.
«Үгіт бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформалар арқылы, сондай-ақ сайлауалды жария іс-шараларын өткізу және үгіт материалдарын тарату жолымен жүзеге асырылады», – деді Ерлан Өтегенов.
БАҚ-қа қойылатын талаптар
Бас прокуратура телерадио хабарларын тарататын ұйымдарға жаңалықтар мен сараптамалық бағдарламаларда үгіт материалдарын жариялауға тыйым салынғанын еске салды. Бұл талап бұзылған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес 50 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Сондай-ақ кандидат немесе оның сенімді өкілі ретінде тіркелген журналистер мен БАҚ редакцияларының лауазымды тұлғаларына сайлауды ақпараттық жариялауға қатысуға болмайды. Мұндай құқықбұзушылық үшін 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Объективтілік пен бейтараптық сақталуы тиіс
Прокуратураның мәліметінше, бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттар мен саяси партиялардың сайлауалды қызметі туралы ақпаратты бұрмаламай, объективті түрде жариялауға міндетті.
Сонымен бірге БАҚ пен онлайн-платформалар кандидаттардың немесе партиялардың ар-намысына, қадір-қасиеті мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретін материалдарды жариялаудан бас тартуы қажет.
Бұл талаптардың сақталмауы немесе теріске шығару құқығының берілмеуі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 1 және 2-бөліктеріне сәйкес 20-дан 50 АЕК-ке дейінгі айыппұл салуға негіз болады.
Барлық партияларға тең мүмкіндік берілуі керек
БАҚ партиялық тізім ұсынған барлық саяси партияларға сайлауалды үгіт жүргізу үшін бірдей жағдай жасауға міндетті.
Егер редакция бір партияның үгіт материалын ақылы негізде жариялауға келісім берсе, дәл сондай мүмкіндік өзге партияларға да ұсынылуы тиіс. Бұл талаптың бұзылуы үшін де 20-дан 50 АЕК-ке дейін әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Үгіт материалдарын жариялау тәртібі
Ақылы негізде үгіт материалдарын орналастыратын БАҚ пен онлайн-платформалар үгіт кезеңі басталғанға дейін кемінде бес күн бұрын Орталық сайлау комиссиясына жарнама құны мен орналастыру шарттары туралы мәлімет ұсынуы тиіс.
Үгіт материалдарын ОСК бұл мәліметтерді ресми жариялағаннан кейін ғана орналастыруға рұқсат етіледі. Бұл талапты бұзғандарға 30-дан 50 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.
Үгіт материалдарына қандай талап қойылады?
Прокуратура үгіт материалдарында оларды шығарған ұйым, тапсырыс беруші және қандай қаражат есебінен дайындалғаны туралы мәлімет міндетті түрде көрсетілуі керектігін ескертті.
Сонымен қатар Қазақстаннан тыс жерде дайындалған, авторы көрсетілмеген немесе осы сайлау науқанына арналмаған үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады.
Бұдан бөлек, меншік иесінің келісімімен орналастырылған үгіт материалдарын қасақана бүлдіру немесе жою да әкімшілік жауапкершілікке әкеледі.
Еске салайық, Құрылтай сайлауына арналған үгіт-насихат кезеңі 23 шілде күні сағат 18:01-де басталады.
Биыл Құрылтайдағы 145 депутаттық мандатқа жеті саяси партиядан 545 кандидат үміткер ретінде тіркелді.