Облыс әкімі марқұмдардың туыстарымен кездесіп, көңіл айтты және мемлекет пен жұмыс беруші тарапынан барлық қажетті көмек көрсетілетінін жеткізді.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, отбасыларға материалдық көмек беріледі. Сондай-ақ жұмыс беруші жыл соңына дейін қызметкерлердің жалақысын төлеп, қолданыстағы несиелерін өтеуге жәрдемдеседі. Бұдан бөлек, компания қаза тапқандардың кәмелетке толмаған балалары 18 жасқа толғанға дейін оларды асырау мен білім алу шығындарын өз мойнына алады.
Сонымен қатар Асайын Байханов Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне, полиция департаментіне және облыстық прокуратураға қайғылы оқиғаның тергеуін ерекше бақылауға алуды тапсырды. Ол оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтап, кінәлілердің заң алдында жауапқа тартылуын қамтамасыз етуді талап етті.
Еске салайық, қайғылы оқиға 20 шілдеде «Aqtogai Milk» ЖШС-нің сүт фермасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, кәріз құдығында жеті жұмысшы электр сорғышындағы ақауды жөндеп жатқан кезде жазатайым оқиға орын алған. Салдарынан алты адам көз жұмып, 38 жастағы бір қызметкер аман қалып, ауруханаға жеткізілді.
Аталған факті бойынша полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.