«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 250-бабы («Өкілеттіктерді теріс пайдалану») бойынша тіркелген. Тергеу «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жүргізген қызметтік тексеру материалдары мен аудиторлық тексеру қорытындылары негізінде басталған. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген шығын көлемі 24 миллион теңгеден асады.
Бұдан бөлек, 8 шілдеде Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің қызметкерлері мердігер ұйымның техникалық қадағалау жөніндегі бас инженерін пара алып жатқан жерінен ұстаған. Тергеу мәліметінше, ол орындалған жұмыстардың аралық актісіне қол қойғаны үшін оның жалпы сомасының 1 пайызы көлемінде пара алған.
«Аталған фактілер ішкі бақылау, аудит және сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс бағытындағы жүйелі жұмыстар аясында анықталды. Компания жауапкершіліктің бұлтартпау қағидатын ұстана отырып, құқық қорғау, арнайы және қадағалау органдарымен өзара іс-қимылды жалғастырып келеді. 2025 жылғы шілдеден бастап "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес техникалық және авторлық қадағалау мамандары мемлекеттік функцияларды орындайтын тұлғаларға теңестірілді. Оларға заңнамада көзделген сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулер мен жауапкершілік қолданылады», – деп мәлімдеді «ҚазАвтоЖол».
Компания жол құрылысы нысандарында анықталған сыбайлас жемқорлық, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану және өзге де заң бұзушылық фактілері бойынша кінәлілердің лауазымы мен мәртебесіне қарамастан барлық материалдар құзырлы органдарға жолданатынын атап өтті.