Мәзір
Бүгін, 13:55 / BuginMedia / Жаңалықтар

Атыраудағы қанды оқиға: прокурор Сәрсемәлиевті өмір бойына соттауды сұрады

Атырау облысының Жангелдин ауылында төрт адамның қазасына қатысты резонанстық қылмыстық іс бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Мемлекеттік айыптаушы соттан айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевке ең қатаң жаза – өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Қазіргі уақытта тараптардың жарыссөзі өтіп жатыр. Сот үкімі алдағы уақытта жарияланады деп күтілуде, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Атыраудағы қанды оқиға: прокурор Сәрсемәлиевті өмір бойына соттауды сұрады Атыраудағы қанды оқиға: прокурор Сәрсемәлиевті өмір бойына соттауды сұрады
Видеодан кадр: azh.kz

Сот жарыссөзінде мемлекеттік айыптаушы Сұлтан Сәрсемәлиевті өзіне тағылған барлық айып бойынша кінәлі деп тануды сұрады.

Прокуратураның мәліметінше, негізгі айып – екі немесе одан да көп адамды аса қатыгездікпен, пайдакүнемдік ниетпен және ауырлататын мән-жайларда өлтіру.

Бұдан бөлек, прокурор ірі көлемдегі ұрлық үшін 6 жыл, алаяқтық үшін тағы 6 жыл, мал ұрлағаны үшін 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды ұсынды. Сондай-ақ құжаттарды заңсыз иемдену, жою және жасыру әрекеттері үшін 60 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде айыппұл салуды сұрады.

Барлық тағылған айыптарды ескере отырып, мемлекеттік айыптаушы соттан Сәрсемәлиевке түпкілікті жаза ретінде өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және жазаны төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұрады.

Оқиға қалай болған 

Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың көктемінде Сұлтан Сәрсемәлиев алдымен жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның ағасы Наурыз Мұқанғалиевті өлтірген.

Кейін қылмысты жасыру мақсатында ол әйелінің ата-анасы Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Үтешқалиеваны, сондай-ақ Ақбаянның әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаны өлтіргені айтылды.

Сот отырысы барысында Сәрсемәлиев төрт адамның өліміне себеп болған жарақаттарды өзі салғанын мойындады.

Тергеу нұсқасы бойынша, қылмыстан кейін ер адам Наурыз Мұқанғалиевтің атына несие рәсімдеп, оның атынан туыстарымен хат алмасқан. Кейін ол Меккеге барып, «күнәлары үшін Құдайдан кешірім сұрағысы келгенін» айтқан.

Одан соң іздеуде жүргенін біле тұра, әйелі Ақбаян Мұқанғалиевамен бірге Бали аралына барған.

Сотта айыпталушы қылмысқа әйелінің туыстарымен ұзақ уақыт бойы жалғасқан жанжал себеп болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Ақбаянның ата-анасы олардың отбасын және бес баласын ажыратуға әрекет жасаған. Сәрсемәлиев бұл жағдайды қылмысқа түрткі болған негізгі себептердің бірі ретінде атады.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2