Бұл туралы әлеуметтік желіде қоғам белсендісі Ләззат Рақышева хабарлады. Оның айтуынша, жасөспірім қыз әлеуметтік желі арқылы 22 жастағы жігітпен танысқан. Ер адам әуелі оның сеніміне кіріп, жақын араласқан. Кейін қызды «егер менімен кездеспесең, сен туралы бәріне айтамын, сені жаман атпен таратамын» деп қорқытып, екі рет зорлаған.
Қазір жасөспірім қыз жүкті екені, құрсағында бір айлық сәби бар екені белгілі болған.
"Ендігі сұрақ: бұл жағдайда баланың өмірін сақтап қалу керек пе? 13 жастағы ана аман-сау туа ала ма? Туған жағдайда баланы қалай тәрбиелеп, өсіріп жеткізеді? Зорлықтан туған баланы жанына жақын қабылдай ала ма? Бала зорлығына кешіріммен қарай беретін қоғамда бала зорлығы тоқтамайды. Осыған анық көзім жетті. Бала зорлап, ақшамен істі жаба салғандарды сырттай көріп басқалары да дәл солай әрекет ете бастайды. Балаларға зорлық көрсеткендерге қатаң жаза қолданбайынша мұндай бассыздық бола береді, өкінішке қарай", – деп жазды Рақышева.
Түркістан облысы полиция департаменті әзірге аталған жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.