Маңғыстау облысында екі жасар қыз улы қарақұртты жұтып қойып, ауыр халде ауруханаға түсті. Дәрігерлер оны комадан шығару үшін 10 күн бойы емдеген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Lada.kz мәліметінше, оқиға балалар ойнап жүрген кезде болған. Сол сәтте балалардың бірі қызға өрмекшіні берген. Бүлдіршін оны жұтып қойғаннан кейін жағдайы күрт нашарлаған.
Қызды алдымен аудандық ауруханаға жеткізген. Кейін медициналық авиация көмегімен облыстық балалар ауруханасына ауыстырған. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр деп бағалап, өкпені жасанды желдету аппаратына қосқан.
Мамандар қарқынды ем жүргізіп, қарақұрт уына қарсы сарысуды екі рет енгізген. Жансақтау бөлімінде 10 күн жатқан қыз біртіндеп есін жиып, өздігінен тыныс ала бастаған.
Жағдайы тұрақталғаннан кейін бүлдіршін бейінді бөлімге ауыстырылып, тағы төрт күннен соң үйіне шығарылған.
Дәрігерлер ата-аналарға балаларды мұқият қадағалап, олардың белгісіз жәндіктер мен өрмекшілерді ұстауына жол бермеуге кеңес береді. Улы жәндікпен байланыс болғанына күдік туындаса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.