Толығырақ
АҚШ қолбасшылығының мәліметінше, CENTCOM күштері Иран аумағындағы шамамен 90 әскери нысанға соққы жасаған. Олардың қатарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, жағалауды бақылау құралдары, зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары сақталған қоймалар, сондай-ақ ел жағалауындағы әскери-теңіз күштері мен әскери логистика нысандары бар.
CENTCOM өкілдерінің мәлімдеуінше, операцияның мақсаты – Иранның Ормуз бұғазы арқылы өтетін коммерциялық кемелер мен азаматтық теңізшілерге шабуыл жасау мүмкіндігін одан әрі азайту.
Еске салайық, бұған дейін CENTCOM Ормуз бұғазындағы сауда кемелеріне жасалған шабуылдарға байланысты Иран Ислам Республикасындағы 80-нен астам нысанаға соққы жасалғанын хабарлаған еді. Соққы жасалған нысандардың қатарында Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері, басқару және байланыс желілері, жағалаудағы радиолокациялық қондырғылар, кемеге қарсы зымырандық қорғаныс құралдары, сондай-ақ Ислам революциясы сақшылары корпусының (ИРСК) 60-тан астам катері болған.
Иранның бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, Тегеран басшылығы АҚШ-тың алғашқы соққыларына жауап ретінде қарсы шаралар қабылданатынын мәлімдеген. Иран тарапынан жасалған шабуылдар туралы Кувейт пен Бахрейн хабарлады. Бұл әрекеттер үшін жауапкершілікті Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) өз мойнына алды. Ұйым мәлімдемесінде соққылар АҚШ-тың екі елдегі әскери нысандарына бағытталғанын айтып, оны Хормозган және Махшахр провинцияларындағы жағалаудағы бірқатар әскери база мен азаматтық нысандарға жасалған әуе шабуылдарына жауап деп түсіндірді.