Мәзір
Бүгін, 18:38 / BuginMedia / Жаңалықтар

Прокурор Әділетхан Молдаханды 3 жылға соттауды сұрады

Алматыда блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі аяқталуға жақындады. Прокурор оны көрінеу жалған ақпарат таратты деп айыптап, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын сұрады,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Прокурор Әділетхан Молдаханды 3 жылға соттауды сұрады Прокурор Әділетхан Молдаханды 3 жылға соттауды сұрады
instagram

2 шілдеде Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында аталған іс бойынша жарыссөз өтті.

Жәбірленуші тараптың өкілі, Алматы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаевтың адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, прокурор соттан Әділетхан Молдаханды Қылмыстық кодекстің «көрінеу жалған ақпарат тарату» бабымен кінәлі деп танып, оған 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған.

Сонымен қатар жәбірленуші тарап мемлекеттік айыптаушының ұстанымын қолдап, соттан сотталушыға блогерлік қызметпен айналысуға қосымша тыйым салуды сұрады.

Адвокаттың айтуынша, жәбірленушілер сотталушының әрекеті Ержан Ұзабаев пен Серік Шұмаевқа моральдық және материалдық зиян келтіріп қана қоймай, ішкі істер органдарының беделіне нұқсан келтіріп, қоғамның құқық қорғау жүйесіне деген сеніміне кері әсер етті деп есептейді.

Әділетхан Молдаханға Қылмыстық кодекстің 274-бабы – «Көрінеу жалған ақпарат тарату» бойынша айып тағылған. Блогер 21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби даңғылы бойында болған жол апатынан кейін әлеуметтік желіде жазба жариялаған. Үш адамның өмірін қиған сол оқиғаға байланысты ол полиция жұмысына сын айтып, автожарысты ұйымдастыруға құқық қорғау органдары қызметкерлерінің қатысы болуы мүмкін деген пікір білдірген.

Әділетхан Молдаханның әлеуметтік желілерде 1 миллионнан астам оқырманы бар. Ол көбіне азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша құқықтық кеңестер беріп, заңгерлік тақырыптарды түсіндіреді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2