Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаевнің айтуынша, заң жобасы аясында жұмысқа қабылдау кезінде кәсіби біліктілікті растайтын сертификаттарды қолдануға рұқсат беру ұсынылып отыр.
«Біз дипломның маңызын жоққа шығармаймыз. Ал кәсіби біліктілікті тану туралы сертификат қосымша мүмкіндік ретінде қарастырылады. Мысалы, егер адамның дипломы болмаса, ол өз кәсіби деңгейін арнайы құжат арқылы дәлелдей алады. Осындай жағдайларда сертификат негізге алынады», – деді Ербол Тұяқбаев.
Бұл норма қызмет көрсету саласына, қонақүй бизнесіне, шаштараз қызметіне және басқа да бірқатар кәсіп түрлеріне қатысты болмақ. Сонымен қатар құжатта жұмыс берушілердің колледждердегі білім беру бағдарламаларын әзірлеуге қатысуы да қарастырылған.
Заң жобасында тағы бір маңызды мәселе көтерілген. Атап айтқанда, Қазақстанда еңбек күші артық өңірлерден кадр тапшы аймақтарға қоныс аудару тәртібі нақты айқындалмақ. Бұдан бөлек, мемлекет азаматтардың өз еркімен басқа өңірге көшуіне қолдау көрсетуді де жоспарлап отыр.
Жергілікті атқарушы органдарды Ұлттық біліктілік жүйесінің қатысушылары қатарына енгізу жоспарланып отыр. Ал аккредитация органдарының өкілдерін жұмысшылардың өкілдері алмастырады.
«Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің барлық комитеттері заң жобасы бойынша оң қорытынды берді», – делінген құжатта.