Прокуратураның дерегіне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиевты күдікті Сұлтан Сәрсемалиев мамыр айында, ал қалған үшеуін қарашада өлтірген.
Тергеу оның қылмысты жалғыз өзі, үшінші тұлғалардың қатысуынсыз жасағанын анықтады. Сот-психиатриялық сараптама қорытындысына сәйкес, Сәрсемалиев ақыл-есі дұрыс деп танылған және өз әрекеттері үшін жауап бере алады.
Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, қаза тапқандардың денелерінде асүй пышағымен салынған кесілген-шаншылған көптеген жарақаттар тіркелген.
- Әрқайсысында кеуде, мойын және өмірлік маңызды ағзалар аймағында алтыдан астам жарақат бар, — деп нақтылады ол.
Ал Сәрсемалиевтің жары әрі қаза тапқандардың қызы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты түпкілікті қорытынды әлі шыққан жоқ. Атыраудағы сарапшылар оның психикалық жағдайына нақты баға бере алмағандықтан, Алматыда қосымша сот-психиатриялық сараптама тағайындалды.
Марқұмдардың туыстары сот процесінің ашық өтуін талап етіп, онда барлық мән-жайдың жария етілуіне үміт артып отыр.
Қылмыстық іс мамыр айында сотқа жолдануы мүмкін. Тергеу жалғасуда.