Дінмұхаммед Шынарбек пен егізі Даниял 2006 жылы Шымкентте дүниеге келген. Дінмұхаммед ағасынан 20 минут кейін өмірге келген.
Әкесінің сөзінше, марқұм кішкентайынан еңбекқор, қолғабыс жасауға дайын бала болған.
“Ұлым әрқашан жанымнан табылатын. Қайда барсам да қасымнан шықпайтын. Тіпті кішкентайынан-ақ "Әке, көмектесейін бе?" деп сұрайтын. Ондай баланың өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес”, – дейді жүрегі қанжылаған әке.
2024 жылдың күзінде әскерге алдымен Даниял барған. Артынша Дінмұхаммед те Отар гарнизонына аттанған. Алғашында бірге қызмет еткен ағайындыларды ант қабылдаған соң екіге бөлген. Дінмұхаммедті Мәтібұлақтағы 01098 әскери бөліміне ауыстырған. Дәл сол жерде қайғылы оқиға болған.
“Ол алғашқы алты айды ағасымен бірге өткізуді, кейін үйренген соң бөлек қызмет етуді қалаған еді. Бірақ оларды ажыратып жіберді. Қайғылы жағдай болғанда бізге біресе "Отарда", кейін "Кордайда", артынша "Алматыда" деді. Нақты жауап болмады. Ақырында: "Ұлыңыз асылып қалды" деген хабар жетті”, – дейді марқұмның әпкесі.
Оның айтуынша, сараптама кезінде өлімнің себебі асфиксия, яғни тұншығу деп көрсетілген. Ішкі ағзаларында зақым болмаған, денесінде зорлық белгілері анықталмаған. Алайда отбасы өз-өзіне қол жұмсады деген нұсқаға сенбейді.
“Мүмкін, оны өлтіргеннен кейін асқан шығар”, – дейді әпкесі.
Марқұмның анасы Бибинұр Қалтаева көз жасын әрең тежеп, ұлының туған күнін еске алды. 29 тамызда Дінмұхаммед 19 жасқа толған екен.
“Бірнеше күн бұрын телефон соғып, "Отарда туған күнді атап өтейік, келші" деді. Бірақ бара алмадым. Бәлкім, бір нәрсені сезген шығар... Ол әскерге "Отанды қорғаймын" деп кетті. Бірақ Отан менің ұлымды қорғай алмады. Мен балаларымды сүйіспеншілікпен өсірдім, мектепке бердім, білім бердім. Өз қолыммен әскери комиссариатқа апардым. Тірі күйінде тапсырдым... Ал олар маған жауап ретінде, “Міне денесі, әкетіп, жерлеңіздер” деп айтты”, – дейді марқұмның анасы.
Марқұмның анасының айтуынша, ұлының мойнында бір жіп ілініп, ал қолы байлаулы болған.
"Әпкем барып көріп келді. Оның айтуынша, ұлымның мойнында бір жіп асылулы, қолы байлаулы болыпты. Қолы байлаулы күйі адам қалай асылады. Ол мүмкін емес нәрсе. Қалай өтірік айтады олар? Қолы байлаулы, жіпке асылған деп. Қолын байлап қойып, асылып өлді дегенге адам сене ме, айтыңдаршы?! Қолын былай артында байлап қойса, қалай адам өзіне қол салады? Менің баламды қыршыннан қиды ғой олар. Ол өмір сүргісі келетін бала еді", – деді ол.
Бір баласынан айырылған отбасы, әскери міндетін өтеп жүрген екінші ұлы Даниялды үйіне қайтаруды қалап отыр. Ол да сол гарнизонда қызметін жалғастырып жатыр. Әскерден оралуына бір ай қалды. Бірақ ата-анасы оның да өміріне алаңдап отыр.
Қазір сот-медициналық сараптама жүріп жатыр. Нәтижелері 15–30 күн ішінде жарияланады.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы облысындағы әскери бөлімде сарбаздың қайтыс болғаны туралы оның әпкесі әлеуметтік желіде хабарлаған болатын.
Ресми ақпарат бойынша, жігіт өзіне-өзі қол жұмсаған, бірақ туыстары бұған сенбейді.