Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Гүлзат Көбенованың айтуынша, 2020 жылдан бері студенттердің шәкіртақысы 2 есе өскен
"Жоғары білім қолжетімділігін арттырудағы ерекшеліктердің бірі – биыл қабылданған «Келешек» Бірыңғай ерікті жинақтау жүйесін ендіру туралы Заң. Бұл заң студенттерді қолдаудың қосымша шараларын кеңейтуге мүмкіндік береді. Заң қабылданғаннан бері, 8 айда 35 мыңға жуық салымшылар «Келешек» жүйесіне тіркелді. Әкімдіктер, жұмыс берушілер, әртүрлі қорлар биыл да жылдағыдай мемлекеттік гранттардан басқа 5 мыңға жуық грант бөлді", - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Вице-министр студенттердің стипендиясының мөлшері 2020 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайтылғанын айтады.
- 1 қыркүйектен бастап бакалаврлардың стипендиясы 52 372 теңге, педагогикалық мамандықтар үшін 84 мың теңге, магистранттар үшін 117 098 теңге, ал докторанттар үшін 262 500 теңге болады, - деді Гүлзат Көбенова.