Қайғылы оқиғадан екі сағат бұрын дәл осы Daewoo Nexia жүргізушісіне жолда сақ болу туралы ескерту жасалған деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Полицияның Facebook парақшасындағы мәліметке сәйкес, 26 қазанда таңғы сағат 4:00 шамасында Атырау — Орал тас жолында Атырау облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері ресейлік нөмірі бар Daewoo Nexia автокөлігін тоқтатқан. Жүргізушіге жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, түнгі уақытта ерекше сақтықты сақтау қажет екені ескертілген.
Алайда, екі сағаттан кейін, сол жолда 38 жастағы жүргізуші көлікті басқара алмай, қарсы жолаққа шығып кетіп, жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апаты салдарынан Daewoo Nexia жүргізушісі мен оның үш жолаушысы оқиға орнында қаза тапты, ал көлік өртеніп кетті.
Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін кешенді тергеу жүргізіліп жатыр.