Мәзір
29 шілде, 2025 / BuginMedia / Жаңалықтар

Сорбұлақта жоғалған тікұшақ экипажы мүшелерінің жеке заттары табылды

Алматы облысындағы Сорбұлақ су қоймасында бес күн бұрын жоғалған әскери тікұшақ экипажы мүшелерінің жеке заттары табылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Сорбұлақта жоғалған тікұшақ экипажы мүшелерінің жеке заттары табылды Сорбұлақта жоғалған тікұшақ экипажы мүшелерінің жеке заттары табылды
фото: Қорғаныс министрлігі

Іздеу операциясы жалғасып жатыр.

Сорбұлақта экипаж мүшелерінің туыстары да жүр. Солардың бірі із-түссіз жоғалған бауырының жеке гигиена заттары мен смартфон қуаттағыштарын айнытпай таныған.

«Мен жеке гигиена заттарын таныдым. Бұған қоса, термосты көрдім. Оның бауырыма тиесілі екені анық. Бір қораптағы үш қуаттағышты ол үйде де қолданып жүрген. Біреуі телефонға, екіншісі сағатқа, ал үшіншісі қарапайым телефонға арналған. Бауырым оларды бір қорапта сақтайтын», – дейді экипаж мүшесінің бір туысы Qogam News телеграм-арнасына.

Оның айтуынша, құтқарушылар оған бауырына тиесілі емес басқа да заттарды көрсеткен.

Қорғаныс министрі Дәурен Қосанов тікұшақты іздестіріп жатқан орынға келіп, экипаж мүшелерінің туыстарымен сөйлесті.

EC-145 әскери тікұшағы 2025 жылғы 25 шілдеде Луговойдан ұшып шығып, радардан жоғалып кетті. Оның бортында экипаждың үш мүшесі болған. Әскери техника мен экипаж мүшелері бес күннен бері табылмай жатыр.

Тікұшақ қалдықтары Алматы облысындағы жасанды су қоймасы аумағынан табылған. Сол себепті іздеу жұмыстары дәл осы жерде жүріп жатыр.

Сорбұлақ – ТМД аумағындағы ең ірі қолдан жасалған су қоймаларының бірі. Оның тереңдігі 22 метрге жетеді.

Қорғаныс министрлігінің мәлімдеуінше, құтқару-іздеу операциясы түпкілікті нәтиже шыққанға дейін жалғасады. 

Апта талқысында: