kursiv.media жазуынша, әйел бұл мектепте 10 жылдан бері жұмыс істейтінін, су тасқыны кезінде ақша жинап, көмек көрсету туралы ой пайда болғанын айтты. Осылайша мектеп әкімшілігі, ата-аналар және оқушылар ақша жинаған. Қаражатқа Жанерке Сатқанбекова жауапты болған. Нәтижесінде «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорының шотына 2024 жылдың 10 сәуірінде 2 900 396 теңге аударған.
Содан кейін сотқа қатысушыға Перизат Қайраттың адвокаты Асланбек Дәулетьяров бірнеше сұрақ қойды. Жанерке Сатқанбекова өзінің 10 мың теңге қосқанын, қалған қаражат басқа ата-аналардың, мектеп әкімшілігінің ақшасы екенін айтты.
«Мен мектептің өкілімін. Менің шотымнан аударылған соң, арызды мен жаздым. Қолымда мектеп пен әкімшіліктің сенімхаты жоқ, өйткені мен жеке тұлға ретінде жібердім», – деді ол.
Перизат Қайрат арыз жазу үшін нақты дерек болуы керек екенін айтты. Жәбірленуші Жанерке Сатқанбекова: «Бәрі жазды, мен де жаздым. Қалғанын сот анықтайды. Біз (ақша жинау үшін – ред.) жәрмеңкеде бұйымдар саттық, бәліш пісірдік. Маған да ауыр тиді», – деді.
«Біз де су тасқыны кезінде көп жұмыс істедік. Ақшаңыз мақсатты түрде жұмсалды», – деді Перизат Қайрат. Жәбірленуші мұны да сот анықтайтынына сілтеп, қысқа жауап қайырды.
Айта кетейік, бұған дейін сот отырысына Назарбаев зияткерлік мектебінің ата-аналар комитетінің төрайымы Сәуле Қуандықова қатысты. Ол 2024 жылдың 15 сәуірінде 901 855 теңге көлеміндегі ақшаны «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қорына аударғанын айтты.