Сот марқұмды өз-өзіне қол салды деп таныған.
Анасы өлді, әкесі сотталды. Ал жәбірленуші ретінде танылған олардың қыздары бұл істің әділ тергелмегеніне наразы. Олардың сөзінше, адам өліміне әкелген бұл жағдай «кісі өлтіру» емес, тек «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» деп бағаланған. Сот марқұм әйелдің өзі 3-қабаттан секіріп, жан тапсырды деген қорытындыға келіп, айыпталушыны небәрі 1 жыл 6 айға соттады.
«Сейдуалиевке Қылмыстық кодекстің 46-бабының 5-бөлігі 5-тармағына сай, жазаны қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде өтеу белгіленсін. Сейдуалиевке күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы үкім заңды күшіне енгенге дейін өзгеріссіз қалдырылсын», – деді судья Сәбит Төреханов.
Еске салайық, қайғылы жағдай биыл ақпанда болған. 42 жастағы келіншек қаладағы баспаналардың бірінің үшінші қабатынан құлап, оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Ең сорақысы – бұл жайтқа оның 2 және 4 жастағы балалары куә болған. Олар тергеу барысында анасын әкелері терезеден итеріп жібергенін айтқан. Бірақ балалар кәмелет жасына толмағандықтан, сотта олардың сөзі куәлікке алынбаған.
«Берілген жаза өте аз деп ойлаймын. 1 жыл 6 ай өте аз. Оның арасында 5 ай қамауда болған. Сол 5 айды алып тастайын деп отыр. Мама өзі секірді дегенге сенбейміз. 4 жасар баланың айтқанын ескермеді, бала өтірік айтпайды», – деді жәбірленуші Перизат Қалдарбек.
Марқұм келіншектің артында 7 бірдей баласы жетім қалды. Қазір біреуі сәбилер үйінде тәрбиеленіп жатыр. Ал кәмелетке толған 2 бойжеткен әкеміз түрмеден шығып, тыныштық бермей ме деп үрейленеді.
«Анамызды өлтірген адам өмірбақи бізді ұрған. Біз 7 баламыз, жетеуміз де әкемізді жек көреміз. Оны алдында сотқа алып келдік қой. Әкелеріңді көресіңдер ме, барасыңдар ма дегенде, жоқ деп шығып кетті. Көргілері де келмейді», – деді жәбірленуші Перизат Қалдарбек.
Айта кетейік, сот отырысында ерлі-зайыптылар арасындағы жанжалдың тұрмыстық қиындықтар мен жетіспеушіліктен туғаны айтылды. Ал үкіммен келіспеген жәбірленуші тарап апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Сондай-ақ ерте есейген екі бойжеткен кенже бауырларын қолдарына алуға бар күшін салмақ.