Желіде таралған мәліметтерге сүйенсек, Қаржаубай ауруханаға түсіп қалғаны, оны «хуторлықтар» ұрып, видеоға түсіріп, таратып жіберген.
Осы ақпаратқа қатысты Қаржаубай Нұрымовтың адвокаты Мейірман Шекеев мәлімдеме жасады.
«Қазіргі уақытта Қаржаубайға қатысты әлеуметтік желіде шындыққа сәйкес келмейтін ақпараттар тарап жатыр. Аллаға шүкір, Қаржаубай аман-есен, дін аман. Оған ешкім зиян келтірген емес. Сол себепті мұндай ақпараттарға сене бермеңіздер. Желіде өзге де жалған ақпараттар тарап жатыр. Біз осыған қатысты жақында түсініктеме береміз», - деді адвокат Мейірман Шекеев.
Айта кетейік, бұған дейін Шерзат Полаттың өліміне кінәлі деп танылған 9 күдіктіге сот үкімі шықты. Сотталушылар 1,5 жылдан 23 жылға дейін сотталды.
Қылмыстық істің басты фигуранты Абзал Шынасыл – ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігі (адам өлтіру), 293-бабы 3-бөлігі (бұзақылық), 24-бабы 3-бөлігі (қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу) бойынша кінәлі деп танылып, 23 жылға бас бостандығынан айырылды.
Равиль Сакиев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), 99-бап 2-бөлігі, 24-бап 3-бөлігі (адам өлтіруге оқталу) бойынша 20 жылға сотталды.
Азамат Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), қосымша 188-бап (ұрлық) бойынша бұрынғы соттылықтарын ескере отырып, 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Нұрқиас Ілиясов – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық), бұрынғы соттылығына байланысты 9 жылға сотталды.
Шыңғыс Белғожаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
Дархан Әскентай – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Нұрбол Тоқтаубаев – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға сотталды.
Дидар Қалиахмет – 293-бап 3-бөлігі (бұзақылық) бойынша 7 жылға бас бостандығынан айырылды.
Дидар Ысқақ (кәмелетке толмаған) – 434-бап (ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша 1 жыл 6 айға сотталды.
Еске салайық, 2024 жылдың 4 қазанында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полатты топтық төбелес кезінде өлітірп кетті. Бұл оқиға қоғамда резонанс тудырды.