Депутат сөз басында түзету мекемелерінде бассыздық әрекеттер жиі болатынын айтты.
«Бұл тек ол қылмыскерлерге ғана қатысты емес. Өзім өте көп оқшаулау мекемелерінде түрлі жағдайлармен болдым. Танысу мақсатында да. Кейбір оқшаулау мекемелерінде арнайы камераларды өздеріне ыңғайлы етіп жасап алып, бір-екі бөлмелі үй сияқты етіп, тұрып жатқан адамдар да бар.
Өткенде сотталған бір шенеунік түрмеде ет асып, жеп отырғанын да көрдік. Бұл – біздің түзету мекемелеріндегі бассыздықтың айқын көрінісі. Үстемдікті түзету мекемесінің басшылығы кімге бергісі келсе, соған береді. Біз заңдағы артықшылықтарды да алып тастағанымыз осы мақсатта болатын», - дейді депутат.
Ринат Зайытов сөзін жалғай отырып, түзету мекемелерін «тазалау» керек деген ойын ашып айтты.
«Оқшаулау мекемесіндегі жағдайға қатысты бізге келетін шағымдар өте көп. Біреуге үстемдік береді, ал керісінше, осыны ашық айтамын деген адамдарды қинайды, азаптайды. Өткендегі сотта (ред. – Атбасардағы азаптауға қатысты) болған жағдай – менің түсінігімде заңсыздық. Бізде реформа деген үйреншікті сөз бар. Бірақ менің түсінігімде – түзету мекемелерін «тазалау» керек», - деп Ринат Зайытов сөзін аяқтады.