Видеодан бір ер адамның басқасына шырақ жағылған тортты ұсынып жатқанын көруге болады. Видео авторы мен пікір жазғандардың айтуынша, олар Талғарда анасының қолында өлім құшқан 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне күдікті деп танылғандар.
Алматы облысы полция департаменті желіде тараған видеоға қатысты пікір білдірді.
"Қамаудағының бірінің туған күнін атап өту сәті жазылған бейнежазбаның таралу фактісі бойынша жан-жақты тексеру жүргізілуде. Барлық кінәлі тұлғалар, соның ішінде басшылық та, қатаң жауапкершілікке тартылады. Тергеу барысы ерекше бақылауға алынды. Осы құқық бұзушылыққа ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою бойынша шаралар қабылданды.”, – делінген хабарламада.
Шерзаттың ісі бойынша жәбірленуші тараптың заңды өкілдері әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады.
"Біз, жәбірленуші тараптың қорғаушылары, интернетте таралған бейнежазбаға байланысты өз наразылығымызды білдіреміз. Аталған бейнежазбада Талғарда жасалған Шерзат Полатка қатысты кісі өлтіру қылмысы бойынша тергеу изоляторында қамауда отырған күдіктілердің туған күнін атап өтіп, тортпен, шамдармен, интернетті Алиса құрылғысын және ұялы телефондарды еркін пайдаланғаны анық көрінеді.
Бұл оқиға елдегі қылмыстық-атқару жүйесінің әлсіздігін, заңдылық пен тәртіптің сақталмайтынын көрсетеді. Сот әділдігіне, жәбірленуші тараптың құқықтарына және Қазақстан Республикасының заңнамасына деген ашықтан-ашық немқұрайдылық танытылып отыр.
Біз бұл мәселеге жауапты тұлғалардың қатаң тәртіптік жазаға тартылуын, кінәлілерді анықтап, тез арада шара қолдануды талап етеміз. Тергеу изоляторында мұндай бассыздықтың орын алуы – әділ сот төрелігіне нұқсан келтіреді және қылмыстық жазаның бұлжытпай орындалуы қағидатына қайшы келеді.
Қазақстан Республикасының заңдары барлық азаматтарға бірдей және ешкімге артықшылық берілмеуі тиіс! Бұл жағдайға жол бергендер жауапкершілікке тартылуы қажет!", - деп жазды олар.
Еске сала кетейік, 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кейін марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді.11 күдікті қамауға алынды.
9 желтоқсан күні Талғар маңынан Шерзат Полаттың ағасының мәйіті табылды. Полиция Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлады.
Жерлеу рәсімінен кейін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұзақылық бабы бойынша 15 тәулікке қамалды.
Қаржаубайдың қарындасы Бақыт та 15 күнге жабылған. Оған митингке шақырды деген айып тағылған. Сондай-ақ ол ел азаматы болмауына байланысты Қазақстаннан депортацияланады.
Одан бөлек Қаржаубайдың тағы бір қарындасы Салтанатқа бұзақылық бабы бойынша 20 АЕК айыппұл салынды. Күйеу баласы Айғазы да 15 күнге қамалды.