Қазір полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Оқиға 14 қазанда сағат 11:40 шамасында Үржар ауылында болған.
«Toyota Rav-4 маркалы автокөлікті тізгіндеп келе жатқан 44 жастағы жүргізуші Гагарин көшесінде 11 жастағы қызды қағып кетті. Бала Үржар ауданының орталық аудандық ауруханасында қаза болды», - деп хабарлады Абай облыстық Полиция департаментінен.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Kazinform тілшісі Абай облысының бас имамы Асқар Мұқановқа хабарласып көрді. Ол жүргізушінің имам болғанын растады.
«Үржар ауылдық мешітінің имамы абайсызда жеке көлігімен жеткіншекті қағып кеткен. Оның айтуынша, бір үйдің ауласында байланып тұрған иттің үргенінен шошыған қыз жолға жүгіріп шыққан. Сол кезде өзі 40-пен келе жатқан. Көлікті тоқтатып үлгермей қалыпты. Оқиға болғаннан кейін қызды дереу ауруханаға өзі жеткізген. Өкінішке қарай, басымен асфальтқа құлаған бала ота үстінде қаза болды. Бүлдіршіннің ата-анасы мен туған туыстарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Қарындасымыздың оқыстан болған қазасы бәріміздің жүрегімізге ауыр батып отыр», - деді ол.
Имамның Үржар ауылдық мешітінде қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдан астам уақыт болыпты.
«Қызмет барысында оның қандай да бір тәртіп немесе ереже бұзған жағдайлары кездеспеді. Бұндай оқыс оқиға бірінші рет болып отыр», - деді Асқар Мұқанов.