Осы орайда 2025 жылы 1 қаңтардан бастап құқық бұзғандар қандай сомада айыппұл төлейтіні белгілі болды.
Рәміздерді қорлау
Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті.
2025 жылдан бастап 1 АЕК 3 932 теңге, демек 3 000 АЕК 11 796 000 теңге болады.
Кіреберісте қоқыс «пакетін» қалдыру
Пәтерге кіреберістегі есігінің қасына қоқыс салынған дорбаны қалдырғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 505-бабына сәйкес «Абаттандыру қағидаларын бұзғаны» үшін 20 АЕК айыппұл салынады. Ал бұл әрекетті азамат бір жыл ішінде қайталап жасаса, онда 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
20 АЕК 78 640 теңгеге тең болса, 30 АЕК 117 960 теңге.
Шулап, тыныштықты бұзу
Елімізде заң бойынша кешкі сағат 22.00-ден 9.00-ге дейін тыныштықты бұзуға болмайды. Тұрғын үй ғимараттары мен тұрғын үй құрылысы аумақтарында орналасқан ойын-сауық орындарына жұмыс күндері сағат 22.00-ден таңғы 9.00-ге дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23.00-ден таңғы 10.00-ге дейін шулауға тыйым салынады. Тәртіп бұзған жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге), бір жыл ішінде қайталанса 10 АЕК (39 320 теңге) айыппұл салынады.
Сонымен қатар кәсіпкерлерге 20 АЕК-тен 150 АЕК-ке дейін (78 640 – 589 800 теңге) айыппұл салынады.
Түкіру
Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін құқық бұзған адамға бірінші рет 5 АЕК, яғни 19 660 теңге айыппұл салынады. Ал азамат осы әрекетін қайталаса, онда 10 АЕК, яғни 39 320 теңге көлемінде айыппұл төлейді.
Көлік жүргізгенде телефон пайдаланып, белбеу тақпау
Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 2025 жылы 19 660 теңге.
Құжатсыз көлік жүргізу
Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 78 640 теңгекөлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 196 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.
Автобуста жолақы төлемеу
Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 2 АЕК, яғни 7 864 теңге айыппұл салынады.
Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады.
Кәмелетке толмағандардың түнде жүруі
Кәмелетке толмағандар заңды өкілдерінсіз 22.00-ден 6.00-ге дейін ойын-сауық мекемелерінде болса, олардың ата-анасына3 АЕК (11 796 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал 18 жасқа толмаған бала 23.00-ден 6.00-ге дейін үйден тыс жерде жүрсе, онда заңды өкілдеріне ескерту жасалады. Егер осы әрекеттер бір жыл ішінде қайталанса, онда баланың заңды өкілдеріне 27 524 теңге (7 АЕК) айыппұл салынады.
Ойын-сауық мекемесінің иелеріне де 10-нан 100 АЕК дейінгі мөлшерде (39 320 және 393 200 теңге) айыппұл салу көзделген.
Жолды кесіп өту
Жаяу жүргіншілер жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін (қате жерден өту және т.б.) 2 АЕК (7 864 теңге) көлемінде айыппұл төлейді. Бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін айыппұл 10 АЕК-ке (39 320 теңге) дейін өседі.
Жылдамдықты асыру
Көлік жылдамдығын асырғаны үшін:
- сағатына 10-20 шақырымға асырғаны үшін айыппұл 5 АЕК (19 660 теңге).
- сағатына 20-40 шақырымға асырғаны үшін 10 АЕК (39 320 теңге).
- сағатына 40 шақырымнан асырғаны үшін айыппұл қазірдің өзінде 20 АЕК (78 640 теңге).
Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайталағаны үшін 30 АЕК (117 960 теңге) айыппұл қарастырылған.
Қоғамдық орында балағат сөз айту
2023 жылғы наурыз айынан бастап заңға қоғамдық орындарда балағат сөз айтқандарға 20 АЕК, яғни бұл 78 640 теңге немесе 30 тәулікке қамауға алынады.
ӘҚБтК-нің 73-бабы бойынша отбасында және тұрмыста балағат сөз айтқаны үшін ескерту немесе 5 АЕК (19 660 теңге) көлемінде айыппұл салынады. Ал мұғалімді немесе дәрігерді балағаттаса, онда 10 АЕК (39 320 теңге) көлемінде айыппұл қарастырылған.