ҚАРЖАУБАЙ НЕ ДЕЙДІ
Әлеуметтік желіге Қаржаубай Нұрымов видео жариялап, болған жайтты баян етті. Ұялы телефонының камерасымен түсірілген видеода ол бауыры Нұрқанаттың денесін қалай тапқанын айтып берді.
– Мынау біздің Азат ауылы, Шерзаттың жатқан жері. Бір кісілер “автокөлік осында” дегеннен кейін солардың айтуымен, біз түнде осы биікке келдік. Мына жерде автокөлік тұр екен. Есігі ашық, екі телефоны бар. Көлік оталып тұрған секілді. Бауырымды іздеп жүріп анық түсіне алмадым. Осы жермен жалғыз із жүреді де, жардан түседі. 7-10 метр жардан адамның түсуі мүмкін емес. Осы жерден түсіп, 700 метрдей жермен тас жолға қарай жақындайды.
Жардың бойымен түседі. Ізді қуалап жүрдік. Шақырымға жақын жүрген. Мұсылмандар мен христиандардың бейіті ғой. Ортасымен жүреді. Түнде жалғыз өзі келеді де, біздің үйге жақын жерге, бетонның артына барған. Жіңішке талдың артында екі аяғы жерге тиіп, бүктеліп отырған жерінен тауып алдым. Мойнында жарық диодты сым тұр екен. Бұтаққа байланған. Еркін отыр. Механикалық асфиксияның бір жағында ғана ізі тұр. Қалған жағында тұр. Осы жерден бауырымды алып шықтым.
Түнде көлігін қалдырып, есігін ашып, не себепті келді деп ойлайсыздар? Міне, менің бар шындығым. Әркім әртүрлі айтады ғой. Шын айтты, өтірік айтты деп. Аққа Құдай жақ! Осы кезде сабыр сақтайық, қалған жағында Алланың бұйырғаны болады, – дейді Қаржаубай Нұрымов.
НҰРҚАНАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Бұған дейін Шерзат Болаттың ағасы қаза болғанын полиция да растаған. Ресми мәліметке сәйкес, Шерзаттың ағасы өз-өзіне қол салған. Полиция марқұм Ш. Болаттың отбасы барлық уақытта полицейлердің қорғауында болғанын атап өтеді.
– Осы уақытқа дейін марқұмның отбасына төнген қандай да бір қауіп-қатер тіркелген жоқ. Күзеткен қызметкерлердің түсіндірмелеріне сәйкес, ер адам күзетілетін объектіден сағат 23:30-да шығып кетіп, жеке автокөлікпен кеткені анықталды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды, - делінген хабарламада.
ШЕРЗАТТЫҢ ҚАЗАСЫ
Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттер 16 жастағы жасөспірімді өлтіріп, бұл іс үлкен резонанс туғызған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-шы сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген. Суық қарумен келген бұзақылар ешкімді аямапты.
Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.
Ulysmedia.kz күдіктілердің бірі таяуда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуі керек болғанын, екінші күдікті жауапкершіліктен жалтарып кеткенін анықтаған еді. 12 қазанға қараған түні марқұмның отбасының үйі өртеніп кетті. Шерзаттың туыстары өртті күдікті тараптың әрекетімен байланыстырады. Оған қоса қанды оқиғаның орнынан видео тараған кезде марқұмның әкесі Қаржаубай Нұрымов түңіліп, тіпті елден кетеміз деп мәлімдеген еді.
Осы оқиғадан кейін көп өтпей Алматы облысы Талғар қаласының әкімі мен орынбасары қызметінен босатылды. Ізінше, «Хутор» тобының лидері делінген Хасан Қасымбаевтың ағасы қызметінен кетті. Алматы облысы прокурорының орынбасары С. С. Бакиров пен Талғар ауданының прокуроры Е. К. Бекманов та қызметімен қош айтысты.