Мәзір
1 желтоқсан, 2024 / BuginMedia / Аймақ

Таразға 14 елдімекен қосылады: әкімдік мән-жайды айтты

Жамбыл облысының орталығы Тараз қаласына елдімекен қосылады.Осылайша шаһардағы тұрғын саны 479 мыңнан асады, деп хабарлайды buginmedia.kz қала әкімдігі Instagram-дағы парақшасындағы ақпаратқа сілтеме жасап.

Таразға 14 елдімекен қосылады: әкімдік мән-жайды айтты Таразға 14 елдімекен қосылады: әкімдік мән-жайды айтты
Фото: Тараз қаласы әкімдігі

Әкімдік мәліметінше, бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 434 мыңнан аса халық тұрады. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы заңына сәйкес, облыс орталығындағы қала халқының саны 400 мыңнан асқан кезде қаладағы аудандар құрылады.

Шаһарда екі аудан құру қала дамуының жаңа Бас жоспары аясында қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес, Тараз қаласы маңындағы Байзақ және Жамбыл аудандарынан аумағы 13019,1 гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елдімекенді облыс орталығына қосу көзделіп отыр. Бұл жағдайда қаланың халық саны 479 мың адамнан асады.

Бүгін Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен қала құрамына енетін елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық мәселелері бойынша кеңес отырысы өтті. Келелі басқосуға Тараз қаласы, Байзақ және Жамбыл аудандары әкімдерінің орынбасарлары, бөлім басшылары мен жаңадан қосылатын ауылдық округтердің әкімдері қатысты.

Әуелі Байзақ ауданы әкімінің орынбасары Дулат Жақыпбеков пен Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков қала құрамына енетін елдімекендердің әлеуметтік-экономикалық мәселелерін жан-жақты тілге тиек етті. 

Өз кезегінде шаһар басшысы қала құрамына қосылатын әр елдімекеннің өзекті мәселелерін шешу кезек күттірмейтінін баса айтты.

"Бүгінде көне шаһарға қосылатын ауылдарда өзекті мәселелер жоқ деп ойламаймын. Әрине, олардың бәрін бірден шешу мүмкін емес екені белгілі. Дегенмен, барлығымыз бірлесе, тұрғындардың сұранысын орындап, олардың жайлы тұрмысы үшін жағдай жасауымыз қажет. Әсіресе, бірінші кезекте шешілуі тиіс мәселелер бар. Осы кезеңге дейін жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілді. Енді сол зерделенген, нақтыланған проблемалардың шешілу жолдарын ұсынуымыз керек", – деген Бақытжан Әмірбекұлы бұл бағыттағы жұмыстар үздіксіз жалғасатынын жеткізді.

Жалпы қос ауданнан шаһарға енетін ауылдардың әлеуметтік мәселелері бойынша жан-жақты зерделеу жұмыстары жүргізілген. Енді сол түйткілді мәселелердің түйінін тарқату үшін бірлескен жоба-жоспар әзірленеді.

Содан кейін сол елдімекендерді дамыту мақсатында арнайы Жол картасы даярланады.

Апта талқысында: