Антикордың хабарлауынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Түркістан облысы бойынша департаменті Шардара ауданы білім бөлімінің лауазымды тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.
"12 қатысушыдан тұратын тұрақты ұйымдасқан топ, оның ішінде бөлім басшылары мен олардың бағынысты бухгалтерлері білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақыны заңсыз аудару жолымен 2020-2023 жылдар кезеңінде бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктенеді. Қылмыстық әрекеттермен мемлекетке 3,7 млрд теңге көлемінде залал келтірілді", - делінген хабарламада.
Қабылданған шаралармен жалпы сомасы 639,8 млн теңгеге залал өтелді және мүлікке тыйым салынды.
Қазіргі уақытта қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеудің аяқталуы туралы есеппен прокуратураға жіберілді.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.