"Нұр-Айша Оразалықызы Қарағанды, Қарқаралының келіні болды! Жүрегім парша-парша болып кетті!.. Ешқандай ұзатуда дәл бұлай егіліп, төгіліп жыламаппын! Егер анаң мен әкең бар болғанда сен дүркіреген той мен дүбірлі думанның кейіпкері болар ең. Ешкімді әурелемей, ақырын ғана азаматымның қолынан ұстап кетем деген екенсің. Оған жұртың көнбей, аз уақытта осылай ұзатуға бел буған. Айшатай, Нұр-Айша, жаным, сен тектінің тұяғысың. Асылдың сынығысың. Біздің досымыздың өзісің, ізісің! Барған жеріңде бақытты бол! Сен соған лайықсың! Ботам, бағың ашылсын! Арманыңа жет! Нұрсұлтан мен Нұрайша - Оразалы мен Ажардың Алашқа аманаттап кеткен перзенттері. Сіздер де тілеулес болыңыздар! Жастар бақытты болсын!", - деп жазды ол.
Оразалы Досбосынов 1975 жылы 15 қарашада Алматы облысы Райымбек ауданы, Тегістік аулында дүниеге келген. Айтыскер ақын небәрі 29 жасында қайтыс болды. Ақынның анасының айтуынша, Оразалының әкесі үш ағайынды болған - Жарылқасын, Қасым, Оразалы. Жарылқасынның ағасы Оразалы Қытайда Текес жерінде ақын, жыршы болған. Сөйтіп, өнер қуып жүріп хабарсыз кетіпті. Жарылқасын сол бауырының аты өшпесін деп ұлына Оразалы атын беріпті.
Айтыс өнерінде ерекше мақамымен реформатор ақын ретінде танылған Оразалы көзі тірісінде "Құлмамбеттің құлыны" атанған. Алматы облысы Шонжы ауылынан келе жатып көлікпен аударылған Оразалы Досбосынов 30 жасқа толар уақытында дүниеден өтті. Ақынның артынан екі жылдан кейін жары Ажар Түзелбекқызы 2011 жылы жол апатынан ажал құшты. Өнер адамдарының артында Нұрайша есімді қыздары мен Нұрсұлтан есімді ұлдары қалған.