Жаһандық апат болған жағдайда адамзаттың аман қалуына ең қолайлы ел – Аустралия. Неміс ғалымдары осындай қорытындыға келген. Олардың пікірінше, елдің географиялық орналасуы, ауыл шаруашылығының дамуы және өндірістік әлеуеті оны басқа мемлекеттерге қарағанда қауіпсіздеу етеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Зерттеу нәтижелері Global Challenges ғылыми журналында жарияланған.
Адамзатқа қандай қауіп төнуі мүмкін?
Зерттеушілер жаһандық апатқа әкелуі мүмкін қауіптерді үш негізгі топқа бөлген.
Біріншісі – Жерге түсетін күн сәулесінің күрт азаюы. Мұндай жағдай қуатты жанартау атқылауы, ядролық соғыс немесе ірі астероидтың құлауы салдарынан болуы мүмкін. Атмосфераға тараған шаң мен түтін күн сәулесін бөгеп, климаттың өзгеруіне және егіннің шықпай қалуына әкелуі ықтимал.
Екіншісі – маңызды инфрақұрылымның істен шығуы. Геомагниттік дауылдар, кибершабуылдар немесе электромагниттік қару электр энергиясы, көлік және азық-түлік өндірісі жүйелерінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.
Үшіншісі – биологиялық қауіптер. Атап айтқанда, жаппай індеттер адам шығынына, денсаулық сақтау жүйесінің шамадан тыс жүктелуіне және қоғамдық өмірдің тоқырауына себеп болуы ықтимал.
Неліктен Аустралия қауіпсіз саналады?
Ғалымдардың бағалауынша, Аустралияның бірнеше артықшылығы бар.
Біріншіден, елдің географиялық орналасуы қолайлы. Ол басқа құрлықтардан оқшау орналасқандықтан, жаһандық дағдарыс кезінде сыртқы байланыстарды шектеу мүмкіндігі жоғары.
Екіншіден, Аустралияда ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Ел ішкі азық-түлік қажеттілігін қамтамасыз етіп қана қоймай, өнімнің едәуір бөлігін экспорттайды.
Сонымен қатар мемлекеттің өнеркәсіптік әлеуеті, пайдалы қазбалары және экономикалық мүмкіндіктері де бар.
Дегенмен, ғалымдар Аустралияны толық қауіпсіз ел деп санамайды. Өйткені мемлекет жанармай, дәрі-дәрмек және тыңайтқыш жеткізу бойынша халықаралық саудаға тәуелді. Әлемдік сауда жүйесі тоқтап қалса, бұл күрделі мәселеге айналуы мүмкін.
Тағы қандай елдер қауіпсіз болуы мүмкін?
Зерттеушілер Аустралиядан бөлек, Жаңа Зеландия, Жапония, Швейцария және Аргентинаны да жаһандық апат жағдайында салыстырмалы түрде төзімді мемлекеттер қатарына қосқан.
Алайда олардың да осал тұстары бар. Мысалы, Жапония мен Жаңа Зеландия табиғи апаттарға, соның ішінде цунами мен жанартау атқылауына бейім.
Ғалымдар ешбір мемлекет барлық жаһандық қауіптен толық қорғана алмайтынын атап өткен. Сондықтан, зерттеу белгілі бір елді ақырзаманнан құтқаратын мекен ретінде емес, дағдарыс кезінде халықты, азық-түлік қорын және маңызды инфрақұрылымды сақтап қалу мүмкіндігі жоғары аймақ ретінде қарастырады.