Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Ішкі істер министрлігіне қарасты «Еңбек» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының басшыларын ұстады. Олар түзеу мекемелеріне азық-түлік сатып алу және жеткізу кезінде жемқорлыққа қатысты қылмыс жасады деген күдікке ілінген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
ҰҚК тергеуді растады
Ulysmedia.kz мәліметінше, ұсталғандар – кәсіпорынның бас директоры Ермек Шурманов пен азық-түлік басқармасының басшысы Фуркат Худайбергенов. Олар жұмыс орнында ұсталған деген ақпарат бар.
Басылым Ұлттық қауіпсіздік комитетіне ресми сауал жолдап, істің мән-жайын анықтаған.
«Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті сіздердің сауалдарыңызды қарады. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді», – делінген ведомство жауабында.
Алайда ҰҚК тергеудің нақты қай бап бойынша жүргізіліп жатқанын және ұсталғандардың процессуалдық мәртебесін жарияламаған.
«Еңбек» кәсіпорны немен айналысады?
«Еңбек» – ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне қарасты мемлекеттік кәсіпорын. Ол түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды жұмыспен қамту, өндірісті ұйымдастыру және мекемелерді қажетті тауарлармен қамтамасыз ету жұмыстарын атқарады.
Бұған дейін де кәсіпорын қызметіне қатысты заңбұзушылықтар анықталған. 2025 жылғы қаңтарда оның бас директорының орынбасары мен құрылыс басқармасының басшысы кәсіпкерлерден мемлекеттік сатып алу келісімшарттары мен орындалған жұмыстардың актілерін рәсімдеу үшін жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінген.
Ал 2026 жылғы қыркүйекте Павлодар облысының прокуратурасы «Еңбек-Павлодар» филиалында 289 сотталған адамның жұмысқа жалған рәсімделгенін анықтаған. Тексеру қорытындысы бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылған.